Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан айтты.
"Атамекен" өнер ордасында "AMANAT" партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес отырысы өтіп жатыр.
Кеңес отырысына партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Ерлан Сайыров төрағалық етіп отыр.
Отырысқа облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан және қоғам белсенділері қатысып отыр.
Кеңес отырысында БҚО бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген шаралар талқылануда.
Кеңесте сөз алған Мәжіліс депутаты Абзал Құспан:
- Өңірде жемқорлыққа жол бермес үшін көп дүние жасалып келеді. Дегенмен жемқорлық қаупі бар салалар бар. Облыстағы 13 нысанның құрылысы белгіленген мерзімінде аяқталмады. Тапсырыс беруші -мемлекеттік қызметшілер мердігерлердің жұмысын бақыламай, заңсыздыққа жол беруде. Осының салдарынан мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды жобалауда қате кетіп, құрылыс мерзімінен кешіккен. Ал мектебі уақытылы салынбай далада қалған оқушылар басқа ғимараттарда оқуға мәжбүр. Бүгінде өңірдегі әрбір 4-ші нысан уақытылы тапсырылып жатқан жоқ. Өңірдегі тоғыз мектеп шамадан тыс жүктемемен, үш ауысымда жұмыс істейді. Қазір облыста қысыла-қымтырыла 14 806-ға жуық оқушы білім алуда, оның 1 504-і үшінші ауысымда. Оқушы орындарының тапшылығы барлығы 4 мыңнан асады. Мектептердің көп бөлігі жеке инвесторлар есебінен салынады. Облыстағы инфрақұрылымға қатысты жағдай да осындай. Биыл түрлі деңгейдегі автокөлік жолдарын жөндеуге 81 млрд теңге бөлінді. Бірақ қаржыны игеруде кемшілік көп. Мысалы, Теректі – Ақсай жолын орташа жөндеу басталғалы 5 жыл болса да, тұрғындар соның шарапатын көре алмай отыр. Былтыр салынған жолдар биыл бүлініп жатыр. Ал тендерді ұтқан екі мердігер тіпті құрылыстан бас тартқан,- деді Абзал Темірғалиұлы.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz