9.11.2023, 10:00
Оқылды: 46

БҚО-да қызылшамен ауырған балалардың көпшілігі екпе алмаған

Мамандар облыстағы қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы. Қызылша дерті өрши түсуде. Жыл басынан бері қызылшаның 119 зертханалық расталған жағдайы тіркелді.

мустаев

– Аталмыш індет Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Казталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында тіркелді. Науқастардың көпшілігі – денсаулығына байланысты қызылшаға қарсы екпе  алмаған балалар, екпе алу мерзіміне жасы жетпеген, яғни бір жасқа дейінгі сәбилер, сондай-ақ ата-анасы екпеден бас тартқан балалар. Жас құрамы бойынша айтатын болсақ, бір жасқа толмаған 18 сәби, 1-14 жас аралығындағы 63 бала және 38 ересек адам ауыруда. Ауру көбінесе қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында тіркелуде. Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес, 6 жасқа дейінгі балалар иммунитетті қамтамасыз ететін және мүгедектіктің алдын алатын жұқпалы ауруларға қарсы негізгі 10 екпе алуы керек. Алайда бірнеше жылдан бері вакцинадан бас тартатындардың көбейгені байқалуда. Қызылшаның арнайы емі жоқ. Тек екпе алу арқылы бұл індеттен қорғануға болатынын тұрғындардың есіне саламыз, – деді  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Бұл ауруға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларды қызылшаға қарсы егу 1 жаста, ал ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Екпеден кейін инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде биылғы қарашаның 6-сынан бастап бірнеше кезеңнен тұратын қосымша жаппай иммундау науқаны басталған. Жаппай иммундау жас мөлшері 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы, сондай-ақ 2 жас пен 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларды қамтиды. Өйткені қазір осы жас тобындағылар қызылшаны көп жұқтыруда.

Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы­ның орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина да қызылшаның таралуына қатысты ақпарат берді. Оның айтуынша, стационарлық ем алып жатқан 35 адамның 27-сі – бала. Науқастардың жағдайы орташа ауыр деңгейде.

– Қызылшаға қарсы екпе тек сау балаларға жасалады. Бұл індет – өте жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция қызылшамен ауыратын науқастан тарайды. Ауа-тамшылы жолмен жұғады. Қызылшаның белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрнынан су ағу, жөтел, көздің қабынуы, жоғарғы тыныс жолдары шырышты қабығының қабынуы, ауыз қуысының шырышты қабығында ерекше бөртпелердің және теріде дақты-папулезды бөртпелердің пайда болуы. Науқастанғаннан кейін 4, 5-күні денеде бөртпе пайда болады. Бөртпе 1-күні бет пен мойынға, 2-күні денеге, 3-ші күні аяқ пен қолға шығады. Ауру асқынған жағдайда отит, энцефалит, пневмония, круп, гепатитке және ең ауыры иммундық амнезияға соқтырады, – деді Айнаш Жұбанышқызы.

Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, денсаулық сақтау басқармасы қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар жұмыс атқарған.  Мәселен, облыс деңгейінде қызылшаға қарсы қосымша иммундау бойынша іс-шараларды үйлестіру үшін облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовтың төрағалығымен штаб құрылған. Вакцина алатын жас мөлшері 6 ай және 10 ай 29 күнге дейінгі балалардың тізімі жасалған. Бұл тізімге тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар балалар кірмейді. Екпе алатын балаларға арналған вакцина барлық амбулаториялық-емханада жеткілікті. Дозалардың жалпы саны – 15 300, оның ішінде облыстық қоймада 12 179 доза бар.

Айна Имашева

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале