Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға бағытталған тапсырмалары аясында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде өңірімізде бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді.
Сурет: freepik.com
Атап айтар болсақ, Орал қаласындағы қосалқы электр стансаларды, турбоагрегаттарын, жылу магистральдарды, №3 сорғы стансасы мен жылу электр орталығын қайта құру және жөндеу жұмыстары аяқталды.
Аталған нысандардың көбі 1960-1970 жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Біразының тозығы жеткен. Сол уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Жуырда Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданында қосалқы электр станса бой көтерді. Бұл станса 120 мыңға жуық тұрғынды жарықпен қамтамасыз етеді. 2024 жыл аяқталғанша «Жұлдыз» шағынауданында қосалқы электр станса салынады.
№3 КСС-қа (кәріз сорғы стансасына) жаңа сорғылар орнатылып, заманауи жаңа ғимарат салынды. Осы станса 150 мыңға жуық абонентке қызмет етеді. Сонымен қатар облыс орталығындағы кейбір әлеуметтік нысандарға қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда Орал қаласындағы №2, №21, №18А кәріз сорғы стансалары, №2 жылу магистралы мен №1 тур-боагрегаты жаңғыртылды.
№2 КСС пен №1 турбоагрегатты жөндеу биылғы жылыту маусымына дейін, ал қалғандары 2025 жылы аяқталады. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен №3 және №5 электр қазандықтары мен 6,7 шақырым жылу желілері жөнделді.
– Қазір тағы бір нысан – №18А кәріз сорғы стансасы күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталуға тиіс. Осы бағытта тыңғылықты жұмыс атқарылып, облыс құрамындағы аудандарда орналасқан қосалқы стансалар да жаңартылады, – дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz