Орал қаласындағы Достық үйінде өткен салтанатты шарада облыс әкімі Ғали Есқалиев бір топ медицина қызметкері мен санитарларды және атымтай жомарт кәсіпкерлерді «Халық алғысы» медалімен марапаттады.
– Жыл басында биылғы басты тақырып коронавирустың таралуы туралы болады деп ешкім ойламаған шығар. Өкінішке қарай, қатерлі дерт қарқыны әлі күнге бәсеңси қоймады, керісінше қайтадан күшеюде. Сондықтан індетпен күресуге жауапкершілікпен қарап, оған қарсы тізе қосып қимылдауымыз қажет. «Халық алғысы» медалінің мәні ерекше. Президент Жарлығымен ауыр індетке қарсы күрескен және өз саласында белсенділігімен ерекше көзге түскен адамдарды марапаттау үшін тағайындалады. Алдымен, медицина қызметкерлері, адам өмірін арашалау үшін тынымсыз еңбек еткендеріңіз үшін сіздерге зор алғыс айтамын. Сіздер – бүгінгі күннің батырысыздар. Кәсіби әрі адами борыштарыңызға адал екендеріңізді дәлелдеп, табандылық танытып келесіздер. Науқастың қамын ойлаймын деп, ауырып тұрса да, қайтадан сапқа қосылып жатқандар нағыз ерлік үлгісін көрсетуде.
Алғашқы кезеңде коронавируспен күресте қателік кеткенін мойындау керек. Пандемия салдарынан көптеген ел дағдарып қалды. Осындай ауыр кезеңде жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысып күресуге, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға сеп болып, қайырымдылық шаралардың белортасынан табылған іскер азаматтардың еңбегі ерен. Ресми деректерге сүйенсек, облысымызда меценаттар мен демеушілер, кәсіпкерлер 150 миллион теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетті. Олардың бірі қаржылай демеушілік жасаса, бірі тарыққан отбасыларға азық-түлік, бірі медициналық жабдық сатып алып берді. Қайырымдылық ісін ешкімге айтпаған, жақсылығын жалпақ жұртқа жария етпеген азаматтардың да көп екенін білеміз. Осы залда отырған – елге көмек көрсеткен адамдардың аз ғана бөлігі. Сіздерге өңір тұрғындары атынан алғыс білдіремін. Алдағы жаңа жыл барша жұртқа жақсылығын алып келсін! - деді Ғали Есқалиев.
Шара кезінде облыс әкімі санитария қызметкерлері – тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Кажушева, Бөрлі, Тасқала, Бәйтерек аудандары тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының басшылары Гүлдана Кереева, Алия Ялпакова, Аят Үмбеталиевке, меценаттар – «Батыс Пауэр» ЖШС-ның басшысы Жаслан Жақыпов, «Болашақ-Т» ЖШС-ның директоры Асқар Қошанов, «UNISERF» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбаев, «Белес» ЖШС-ның директоры Мұрат Жәкібаев, «Отау-Алаң» ЖШС-ның директоры Ляна Тұрсыноваға, жеке кәсіпкерлер Хамзат Исаев пен Юрий Ткалунға, медицина қызметкерлері – облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігер-фтизиатры Марлен Кенжеғұлов, облыстық көпбейінді ауруханасының аға медбикесі Фатима Озденова, санитары Раила Сахипова, рентген зертханашысы Миржан Қапиев, Орал қалалық №2 емхана санитары Венера Желыкшеева, облыстық тері-венералогиялық диспансерінің дәрігер-эпидемиологы Ақжүніс Ізбасарова, №5 емхана мейіргері Айгүл Оразғалиева, Тасқала аудандық ауруханасының терапеві Абылайхан Самбаев, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы кір жуу бөлімшесінің машинисі Хадиша Хайруллинаға және басқа да бір топ ақ желеңдіге «Халық алғысы» медалін табыстады.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz