3.10.2024, 16:15
Оқылды: 84

БҚО-да мораторий кезінде тәртіп төмендеген

Облыс әкімдігінде өңірдегі бақылау және қадағалау құрылымдарының бизнес-қауымдастық алдында бірыңғай есеп беру күні өтті. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бері өтіп келеді.

5BD06AFF-13A3-4D3C-BA9B-0ACDFA92D88F

Кәсіпкерлер мен бақылау-қадағалау құрылымдары өкілдерінің басын қосқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жүргізді. Есеп беру үшін мінбеге алдымен БҚО бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Светлана Хисамитденова шықты. Баяндамашының мәліметінше, мораторий тоқтатылғаннан кейін тексерілетін нысандардың саны екі есеге жуық (573-тен 1170-ке дейін) өскен. Оның ішінде шағын бизнес үш еседей (858/310), орта бизнес бір жарым есе (193/114) көбейген. Ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін тексерулер саны 20%-ға (119/149) қысқарған. Тексерулердің нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың саны екі есеге, яғни 298-ден 642-ге дейін артқан. Бұл мораторий кезеңінде кәсіпкерлік саласында тәртіптің біршама төмендегенін  көрсетеді.  

– Құрылыс, экологиялық қауіпсіздік, еңбек қатынастары және салық міндеттемелері саласындағы талаптардың қатайтылғаны байқалады. Өрт қауіпсіздігі және жер қатынастары саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің жазалау шаралары төмендеген. Кәсіпкерлерге салынған айыппұлдың жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге (27%-ға) азайса, оқиға орнына бармай тексеру 11%-ға (7%-18%-ға) өскен. Сонымен қатар кәсіпкерлерден түскен шағымдар саны үш еседей (591-ден 210-ға дейін) азайды. Бұл олардың көп жағдайда тексеру нәтижелерімен келісетінін көрсетеді. Бірақ тексерулердің бәрі бірдей заң талаптарына сәйкес жүргізілмеген. Мысалы, 5 заңсыз тексеру анықталды.

A3110BB1-8CA3-4CA0-AC04-C21D5E6E87BA

Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау және қорғау шараларын жалғастыруда. Бірінші тамыз-
дағы жағдай бойынша кәсіпкерлікті қорғау жөнінде 96 өтініш қаралып, 54-іне оң шешім шығарылды, яғни бұл 56,2% деген сөз. Қорғалған меншік құқығының сомасы 17 миллион теңгеден асады. Сатып алу, жер қатынастары, тарифтер мен табиғи монополиялар, инвестиция және несиелендіру, салық салу, тағы басқа салалар бойынша сұрақтар жиі түседі, – деді Светлана Равильевна.

Бүгінде кәсіпкерлер палатасы инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді жою және оларға көмек көрсету мақсатында облыс прокуратурасы жанынан құрылған фронт-офис жұмысына белсенді атсалысуда. Осы бағытта жеті айдың қорытындысы бойынша 8 инвесторға көмек көрсетілген. Баяндамашының айтуынша, инвесторларға негізінен жер мәселесіне, инженерлік желілерге қосылу және субсидиялар алу барысында кедергілер кездеседі.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау аясында жыл басынан бері 275 бизнес нысанына 284 қызмет көрсеткен. 207 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 88-і жалпы сомасы 1,27 млрд теңгеге қаржыландырылған. Жиында келесі болып ҚР ДСМ БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева сөз алды. Оның баяндауынша, санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) тарапынан жиі анықталатын бірнеше кемшілік бар. Мәселен, зертханалық зерттеулер (су, ауа, тамақ өнімдері) мен зертханалық-аспаптық өлшеулердің (шу, микроклимат, жарықтандыру) нәтижелері сәйкес келмейді, сондай-ақ объектілерде өндірістік бақылау жүргізілмейді. Дезинфекциялау режімін бұзып, дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізуге келісімшарттар жасалмайды.

Сонымен бірге мекеме персоналының медициналық тексеруден және гигиеналық дайындықтан уақтылы өтпейтіндері де жиі кездесуде. Департмент қызметкерлері өткен 8 айда 152 жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Соның қорытындысы бойынша 137 әкімшілік хаттама толтырылыпты.

Жиында БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жүніс Кунчаев та есеп берді. Оның баяндауынша, былтыр ҚР Салық кодексіне салықтық тексерулердің жаңа түрі – тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді салықтық тексерулер енгізілген. Бұл – салық төлеушілер қызметінің салық есептілігін, уәкілетті құрылымдардың мәліметтерін, сондай-ақ ресми және ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша кірістер құрылымдары тағайындайтын тексерулер.

«Мәселен, 2023 жылы департамент мамандары 2222 салықтық тексеру жүргізді. Салықтар мен өсімпұлдар 10,6 млрд теңге болса, 10,1 млрд теңге өндіріп алынды. Ал 2024 жылдың 8 айында 1669 салықтық тексеру жүргізді. Барлығы
15,6 млрд теңге салық пен өсімпұл есептеліп отыр. Оның ішінде небәрі 0,6 млрд теңге өндірілген. Сонымен бірге 160,2 млн теңгеге 153 әкімшілік материал толтырылып, 90,8 млн теңге өндірілді.

Биылғы 9 айда барлығы 79 кедендік тексеру жүргізілді. Оның екеуі кешенді көшпелі кедендік тексеру болса, 16-сы камералдық кедендік тексеру және 61-і кедендік құжаттар мен мәліметтерді тексеру. Осы іс-шараның нәтижесі бойынша қосымша 416 млн теңге кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар есептеліп, 892 млн теңге өндірілді», – деді Жүніс Рахымұлы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Марат Мұратовтың мәліметіне қарасақ, соңғы жылдары кәсіпкерлердің қызметіне мемлекеттік араласуды төмендету бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап нысандардағы өрт қауіпсіздігіне тек профилактикалық бақылау жүргізілуде. Яғни осы бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалмайды, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасалады. Жеке кәсіпкерліктің арасында жоғары және орташа тәуекел дәрежесіндегі объектілер немесе 13,4%-ы (7211-тен 973), яғни ірі өрт қауіпті және өндірістік кәсіпорындар, адамдар көп шоғырланатын жерлер, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері және басқалар мемлекеттік бақылауға алынады.

Кәсіпкерлік нысандарына өрт қауіпсіздігі саласында аудит жүргізіледі. Аудиттің оң қорытындысын алған нысандар 1 жылға тексеруден босатылады. БҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматова атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Департаментке 471 жазбаша өтініш түсіп, мамандар 216 тұтынушыға кеңес берген. Жедел желі телефонына 295 тұтынушы хабарласқан. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің TelegramBot-ы арқылы 66 өтініш қабылданған. Мұндағы мамандар азаматтардың тұтыну құқықтарының бұзылғаны анықталса, олардың өтінішіне сәйкес жоспардан тыс тексеруге және профилактикалық бақылау жүргізуге құқылы. Күні бүгінге дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 11 тексеру жүргізіпті.

Соның нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі 190-бабының 5, 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған. 10  ескерту беріліп, бір айыппұл салынған. Эльмира Нұрқызы департаменттің ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес талапкер болуға және оннан астам тұтынушының құқықтары бұзылған кезде сотқа сол мәселе бойынша талап-арыз жіберуге құқылы екенін атап өтті.

– Басқармада жыл басынан бері 853 арыз-шағым мен өтініштер тіркелді. Оның 766-сы жеке тұлғалардан келсе, қалғаны заңды тұлғалардан түсті. Азаматтардан келіп түскен өтініштердің негізінде, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік құрылымдардың талаптары бойынша 92 кәсіпорын мен ұйымға жоспардан тыс тексеріс жүр-гізілді. Олардың 85-і немесе 92,3%-ы – бизнес нысандары. Тексеру барысында 110 заңбұзушылық анықталды. Оның 104-і еңбек қатынастары бойынша болса, қалғаны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға қатысты болып отыр. Бұл бұзушылықтарды атап өтер болсам, олар – еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде және толық көлемде жалақы төлемеу, тәртіптік жазалау шараларын дұрыс қабылдамау, еңбек шарты мазмұнының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу, емдік-профилактикалық тағаммен, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу. Барлық анықталған бұзушылық бойынша 75 нұсқама беріліп, 11, 435 млн теңгеге 76 айыппұл салынды және 50 ескерту берілді, – деп есеп берді облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов.

Жиын соңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев есеп берді. Жыл басынан бері аталған департаментке тұрғындардан 45 өтініш келіп түскен. Өтініштерге тиісті жауаптар қайтарылған. Департамент жүргізген 35 тексерістің 17-сі жоспардан тыс ұйымдастырылған. Мемлекеттік экологиялық бақылау барысында 89 экологиялық заңбұзушылық анықталып, оларды жою жөнінде 71 ұсыным берілген. Жалпы сомасы 203,8 млн теңгеге 39 әкімшілік айыппұл салынған. Күні бүгінде мемлекетке 64,5 млн теңге өндіріп алынған.

Ясипа Рахимқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале