Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау – ортақ міндет. Осыған орай, Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне арналған тақырыптық қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды «Әділет» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі.

Фото: «Әділет» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі
Қоғамдық қабылдауды «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырды. Кездесуге 50-ден астам азамат қатысып, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелерін көтерді.
Қабылдауға «Әділет» партиясы БҚО филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған, филиал төрағасының орынбасары Азамат Сафималиев, медициналық-әлеуметтік сараптама филиалының, әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық сақтау басқармаларының, «Отбасы банк» өкілдері, заңгер, сот орындаушысы және партияның Әйелдер қанатының жетекшісі Нұргүл Ашикова қатысты.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 26 249 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 3 638-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіш әлеуметтік қолдауды жетілдіру, қолжетімді орта қалыптастыру және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың маңызын көрсетеді.
Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар мүгедектігі бар ата-аналардың балаларына ҰБТ кезінде білім гранттары бойынша квота қарастыру, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын арттыру, оларды сүйемелдейтін тұлғаларға берілетін жәрдемақыны көбейту және мерекелік күндері қосымша әлеуметтік төлем жасау мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ тұрғын үй, медициналық қызметтер, әлеуметтік қолдау, банкроттық және басқа да мәселелер бойынша өтініштер қаралды. Азаматтардың айтуынша, бірқатар өңірде мерекелер қарсаңында мүгедектігі бар адамдарға қосымша әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Осы тәжірибені Батыс Қазақстан облысында да енгізу ұсынылды.
«Бүгінгі қабылдауда азаматтар нақты мәселелерін жеткізді. Әрбір өтініш тіркеліп, тиісті мекемелерге жолданады. Біздің міндетіміз – мәселені тыңдап қана қоймай, оның шешілуіне ықпал ету», – деді «Әділет» партиясы БҚО филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған.

Әрбір өтініш бойынша жауапты мамандар түсіндірме беріп, азаматтардың байланыс деректері алынды. Партия өкілдері көтерілген мәселелердің қаралу барысын бақылауға алатынын жеткізді.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істейтін 14 қоғамдық қабылдау жұмыс істейді: 1 облыстық, 1 қалалық және 12 аудандық. Қазіргі уақытқа дейін қоғамдық қабылдауларға 2 мыңға жуық өтініш түсіп, 700-ден астам қабылдау өткізіліп, 1 700-ге жуық азамат қабылданды. Өтініштердің 44%-ы оң шешімін тапса, 56%-ы бойынша түсіндірме берілді.

Мүгедектігі бар адамдар күні – қамқорлықпен ғана шектелмей, әр азаматқа тең мүмкіндік пен дербестік берудің маңызын еске салатын күн. «Әділет» партиясының ұстанымы – қамқорлыққа негізделген модельден дербестік пен тең мүмкіндіктер моделіне көшу.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру – мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
