Батыс Қазақстан облысында онколог дәрігерлер жетіспейді. Бұдан бөлек рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи құралдардың болмауы да онкологиялық ауруларды ерте анықтау ісіне кедергі келтіреді. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисов айтты.
Сурет: freepik.com
Бүгінгі уақытта облыс бойынша 8 717 адам онкологиялық аурухана есебіне тіркелген. Мұның ішінде 74-і балалар.
«Бұлардың қатарында ер адамдар арасында өкпе ауруы, ал әйелдер арасында сүт безі ауруы көш бастап тұр», - дейді мамандар.
Жалпы облыс бойынша барлығы 25 онкологиялық және 130 тексеру кабинеті жұмыс істейді.
Онкологиялық ауруларды емдеудегі ең басты проблема кадр тапшылығы деді облыстық окологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисов.
– Өңірдегі жағдайды жақсарту үшін кадрларды даярлау, қызметке жас мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыс қажет. Диспансерде тұрақты жұмыс істейтін 39 дәрігер бар. Ал облыс бойынша 8 717 адам онкологиялық аурухана есебінде тұр. Өзіңіз ойлап қараңыз, адам саны мен дәрігер санын. Бізге мықты онкологтар керек. Қазір рак ауруын ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи техникалар бар. Шетелде рактың жайылып кетпеуіне әсер ете алатын дәрі-дәрмектер де бар. Бірақ олар өте қымбат тұрады. Жалпы онкологиялық ауруды емдеу деген дүниенің өзі айналып келгенде бюджетке келіп тіреледі, - деп атап өтті ол.
Маммография сүт безі қатерлі ісігін анықтаудың негізгі әдісі саналады.
– Біздің облыста 25 медициналық ұйымның тек 15-інде ғана маммографиялық құрылғы бар. Ал 7 медициналық ұйымда маммографиялық құрылғы мүлдем жоқ. Атап айтсақ, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Тасқала аудандарындағы аурухана мен қаладағы №1 қалалық емханада маммографиялық құрылғы жоқ. Ал Сырым ауданында бұл құрылғы істемейді. Біз осы қажеттіліктерді өтеу мақсатында республикалық бюджет есебінен алдағы уақытта 9 маммографиялық құрылғы сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисов.
Сөз реті келгенде айта кетейік, дәрігерлер әр адам өз денсаулығына жауапкершілік алып, жыл сайын тексерістен өтіп тұруы тиіс дейді. Сонда көп аурудың алдын алуға болады.
Жанат Қайырғожина
zhaikpress.kz