1.08.2024, 18:00
Оқылды: 8

БҚО-да орман «тұрғындары» көбеюде

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуі керек екенін мәлімдеген. Соған орай 2021-2027 жылдарға арналған «БҚО ормандарды молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспары» бекітілген. Осы жоспар аясында облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 2021 жылдан бастап 2027 жылға дейін 15 096 га жерге орман дақылдарын отырғызу, 6 581 га жерге орман дақылдарын толықтыру жоспарланған. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндады.

92AE0FE4-A68D-4EBF-B105-F11F7242D3E0

– Бүгінге дейін орман қоры аумағында 734 га алқапқа орман дақылдары отырғызылса, 861 га алқапқа орман дақылдары толықтырылды. 3,3 млн дана түрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Осы бағыттағы жұмыстар күз айында жалғасын табатын болады. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1187 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа түрлі ныспылы 26 трактор, 15 патрульдік машина, 129 орман шаруашылығына қажетті техникалық құрал-жабдықтар (тіркемелі өрт сөндіру кешендері, соқа, тырма, ағаш отырғызатын машина) сатып алынды. Биыл облыс бюджетінен 931,2 млн теңге қаражат бөлініп, 33 трактор, 27 мотоцикл, 2 өрт сөндіру машинасы және 1 патрульдік машина сатып алу жоспарланды. Осы қаражатқа қазіргі таңда техникалар сатып алынып жатыр, – деді Марат Төлеуғалиұлы.

Спикер мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге бағытталған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы Бәйтерек ауданының құрамындағы Рубежка ауылының маңында және Орал – Саратов тасжолы бойында 2 орман өрті оқиғасы тіркелген. Орман шаруашылығы мекемелерінде 8 орман өрт сөндіру станциясы бар. Биыл 778 рейдтік іс-шаралар өткізіліп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға 129 хаттама толтырылған.

– Ал су шаруашылығы бойынша ҚР Үкіметі қолдауымен бірқатар жоба іске асуда. 2021 жылдан бері жобалық құны 2,6 млрд теңгені құрайтын Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жалғасып келеді. Жыл басынан бері Жайықтан Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне 599 млн текше метр су түсті. Шаған арнасы мен Көшім каналы тазартылуда. Жайық өзенінің сол жағалауын суландыру және сумен қамту мақсатында Ащы – Азынабай – Тайпақ каналын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлініп, осы бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Биыл 28 млн текше метр су жинауға мүмкіндік беретін Жалпақтал су қоймасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Облыс аумағында 39 су қоймасы, 6 тоған, 1 бөгет, 4 су торабынан тұратын 50 гидротехникалық құрылыс есепке алынған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға 25 жылдан артық пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын (олардың жайкүйіне қарамастан) жыл сайын көпфакторлы тексеруден өткізеді. Биыл облыстық бюджеттен 11 су қоймасына көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 85,7 млн теңге бөлінді. 2024 жылы 30 қаңтарда ҚР Үкіметі 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Іс-шаралар жоспарына сәйкес Батыс Қазақстан облысының суару жүйелерін қалпына келтіру бойынша жол картасы жасақталды. Жол қартасы жалпы құны 120 млрд теңгеден астам 84 іс-шараны жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігінің 2024 жылғы 6 мамырдағы №106 қаулысымен «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылымдарды күтіп ұстау, оларды пайдаланумен айналысады, – деді Марат Молдашев.  

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биыл ғарыштан мониторингтеу нәтижесінде 95 нүктеде орналасқан стихиялық қоқыс орындары анықталған. Соның 35-і жойылып, 1 нүкте расталмаған. Стихиялық қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың 147 полигоны бар.

«ҚТҚ полигондарын қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестендіру үшін жаңа полигондар салу қажет», – деді Марат Төлеуғалиұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале