Өңірде 1 сәуір - 1 маусым аралығында белгіленген санитарлық-экологиялық айлық жалғасуда. Бүгінгі кезекті сенбілікте әлеуметтік нысандармен қатар ірі зауыт, фабрикалар, кәсіпорындар жұмысшылары мен қызметкерлері өздеріне тиесілі аумақтарды қалдықтардан арылтуға атсалысты.
Қаланың тазалығын жақсартуға «Стекло-Сервис», «Балзия» ЖШС, «Землячка», «Тұлпар» сауда базарлары, «Қайнар», «Электрокомплект» сауда үйлері, «Алтындар» супермаркеті мен гипермаркеті, сондай-ақ мектеп, спорт, мәдениет нысандары белсене қатысты.
– Шаһарымыздағы барша үлкенді-кішілі кәсіпорындар ұжымдары мен тұрғындар айналаның тазалығын сақтау үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеуде. Дегенмен пәтер иелері кооперативтері, ПИК-тер, сонымен бірге қалада орналасқан гараж кооперативтерінің белсенділігі төмен болуда. Қаламыз 20 округке бөлінген. Осыларға жауапты мамандар, мекемелер, волонтерлар бар. Олар қазір үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Келесі сенбілікте қала көшелеріне көшет отырғызамыз. Оралдың "Жасыл қала" деген атауын түсірмеуіміз керек. Барлық тұрғындарды қаланың ауасын тазартып, жасыл желек егуге шақырамыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz
Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы аптада шығатын санынан оқи аласыздар