29.05.2023, 16:45
Оқылды: 11

БҚО-да соңғы бес жылда 102 адам суға кетіп қаза тапқан

Елімізде шомылу маусымы ресми түрде 1 маусым күні басталады. Осы кезең жазғы демалыс уақытына сай келетіндіктен көбіне балалар ата-ананың қарауынсыз қалып, жазатайым оқиғаларға тап болады. Көбінесе оқыс оқиғалар су айдындарында тіркеледі. Соңғы бес жылда облыс аумағында 102 адам суға кетіп қаза тапқан, оның ішінде 28-і балалар. Бұл туралы БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Райымбек Шамаков айтты.

02CB8C56-964B-493D-B8B0-9289C085DC62

«Кәмелет жасқа толмаған жеткіншектердің су айдындарында қаза болуының негізгі себептеріне, біріншіден оларды ата-аналардың, ересектердің қараусыз қалдыруы, екіншіден, жүзе алмауы, сонымен қатар рұқсат етілмеген, тиым салынған орындарға өз беттерімен барып суға шомылулары жатады. Биылғы шомылу маусымында өңірде 24 жағажай жұмыс жасайды деп жоспарлануда. Оның ішінде бесеуі коммуналдық, 19-ы жеке жағажайлар. Департамент қызметкерлері осы жағажайлардың иелерінен түскен өтініштер бойынша тексеру жүргізіп, тазарту жұмыстарын өткізді. Сонымен қатар БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің суға шомылу маусымына дайындығы аясында түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жергілікті атқарушы органдармен, басқа да құзыретті мекемелермен бірге өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн», - дейді ол.

Маманның сөзінше, рейдтік іс-шаралар барысында тарату үшін 23 мың жадынама дайындалған. Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде балалардың алдындағы ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында арнайы үзбелі түбіртегі бар жадынамалар әзірленген. Бұл жадынамалар БҚО Білім басқармасы тарапынан  ата-аналарға табысталуда.

– Биылғы суға шомылу кезеңінде департаменттен арнайы 70 құтқарушы, 20 жүзу құралы, 12 автокөлік, 31 сүңгуір құралы дайындалды. Сонымен қатар 400-ден аса жеке құрам, 250-ден аса еріктіні тарту қарастырылуда. Жоспарлы түрде күшейтілген рейдтік шаралар күнделікті жүргізілуде. Бұл жазғы демалыстың жақындауы, ауа температурасының көтерілуіне байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін барынша тұрғындарға жеткізу, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылады, - дейді Райымбек Бекболатұлы.

Сонымен қатар маман су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптарына тоқталып, басты ережелерді атап өтті.

«Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережелерді қатаң ұстанған жөн. Бірінші кезекте ерексектер балаларды қараусыз қалдырмауы қажет. Оларды өз бетінше жабдықталмаған, рұқсат етілмеген орындарда суға шомылуға жібермеген жөн. Ересектер де, кішкентай балалар да арнайы жабдықталған, рұқсат етілген орындарда шомылулары қажет. Сол орындардың белгіленген аумағынан асып жүзбеу керек. Айлақтардан, әр түрлі бұл мақсатта бейімделмеген орындардан секіруге, сүңгуге, сонымен қатар жалған дыбыс беруге, ішімдік ішіп суға шомылуға қатаң тиым салынады. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығында көрсетілген. Бұл қағидаларды орындамаған, бұзған жағдайда ҚР-ның ҚК 412-бабымен әкімшілік шара қолданылады.

Осы тарапта Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына және қонақтарына тек жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана шомылуды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, балаларға үнемі қадағалау жүргізуді ескертеміз», - деп сөзін түйіндеді БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Райымбек Бекболатұлы.

Айта кетсек, былтырғы шомылу маусымы кезінде өңірде 15 адам суға кетіп қаза тапқан. Оның ішінде алты жасөспірім бар.

Гүлмира Сарсенғали,

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале