1.07.2024, 10:00
Оқылды: 142

БҚО-да «Толағай» алыптар сайысынан облыс чемпионаты өтті

Кеше Оралдағы “Nur-er” туристік ат спорт кешенінде «Толағай» алыптар сайысынан облыс чемпионаты өтті. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен белді де білекті һәм жүректі жігіттердің жарысына Орал қаласы мен өңір аудандарынан жиылған 15 алып қатысты.

толагай (2)

– Әбілдә Тәжібаевтың тау көтерген Толағай туралы ертегісін оқып өстік. Елін жұттан аман сақтап қалу үшін тау арқалап, халқы үшін мерт болған кейіпкердің ерлігі әркімнің есінде деген ойдамын. Одан қалды кешегі балуан Шолақ пен Қажымұқан аталарымыздың қандай қара күш иесі болғанын білеміз. Білектің күшімен әлемді мойындатқан бабалардың бүгінгі ұрпағы да аталар ерлігін қайталаудан кет әрі емес. Күш пен жігер сынға түсетін сайыста шын мықты жеңіске жетсін, – деді алыптар додасының ашылу салтанатына арнайы келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин.

толагай (3)

Одан соң «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облысы өңірлік филиалының басшысы, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов сөз алып, палуандарға ақ батасын берді.

толагай (5)

Жарысқа келген жігіттер 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келі қапты 1 минут ішінде екі қолмен иыққа салу, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді бес сайыс түрінен сынға түсті. Ірісі 140 уағы 86 келі тартатын жігіттер барлық сыннан мүдірмей өтуге тырысты. Әсіресе центнер тартатын қапты иыққа салу жарысы қиынға соқты. Жалпы жарыстағы қай-қай сын да жігіттерге оңай соқпады. Көпшілікке қара күш пен ерік-жігердің нағыз үлгісін көрсеткен сайыс қорытындысында оралдық Мырзабек Сисенов “Көрермендер көзайымы”, казталовтық Әскербек Төлемісов “Ардагер спортшы” спортшы атанды.
Ал Орал қаласы атынан сынға түскен Рустам Күнтуғанов үшінші, Бөрлі ауданынан келген Леонид Борисов екінші орын иеленсе, «Облыс Толағайы» атағын тасқалалық Александр Сомов жеңіп алды. Жеңімпаз атанған спортшы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.

Түгелбай Бисен,

фотоға түсірген: Мади салық

zhaikpress.kz

толагай (1) толагай (4) толагай (6) толагай (7) толагай (8) толагай (9) толагай (10)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале