10.10.2023, 11:00
Оқылды: 122

БҚО-да тұмаумен сырқаттанушылар көрсеткіші өскен

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ЖРВЖ (жіті респираторлық вирустық жұқпа) және тұмаумен сырқаттанушылар көрсеткіші 41%-дан 53,4%-ға өскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, талдау барысында ЖРВЖ-мен ауыратындардың саны қазан айының орта шамасында күрт артатыны анықталған. Қарашада, желтоқсанда тұмаурататындар көбейіп, қаңтар, ақпан айларынан кейін ғана сырқаттар саны біртіндеп азаяды.

eb80e0b5-a8c6-40a2-9863-2bdf0984091c

– Емделушілер арасында 14 жасқа толмаған балалар да, жүкті әйелдер де бар. 20222023 жылдардағы зертханалық мониторинг нәтижесі бойынша тұмау вирусының үш түрі анықталды. Соның ішінде В тұмауының вирусы көптеген тұрғынға дәрігерге жүгінуден басқа амал қалдырмады. Ал A/H1N1, A/H3N2 тұмау вирустары эпидемиологиялық маусымның екінші жартысында байқала бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен 2023-2024 жылдарға Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 138 000 дозасы сатып алынды. Сатып алынған вакцина өңір тұрғындарының  20%-ына жетеді. Вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екені дәлелденген. Тұмауға қарсы егу 1 қазанда амбулаториялықемханалық көмек көрсететін медициналық мекемелерде басталды. 3 қазанға дейін 9 694 тұрғын (9 276 ересек, 418 бала) егілді. Тұмау кезінде қан тамырлары зардап шегеді, сондықтан мұрыннан қан кетуі мүмкін, – деді Нұрлыбек Мұстаев.

Өз кезегінде тұмау мен ЖРВЖ эпидемиологиялық маусымында жүргізілетін іс-шаралар жөнінде сөз қозғаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова иммуномодуляциялық препараттарды, соның ішінде интерферон препараттарын қолдану дәрігердің қатаң түрде қадағалауымен жүзеге асырылуы керектігін алға тартты.

– Тұмау – жедел интоксикация, мұрын бітелуі, бронхтардың зақымдалуы, жөтел және ринит түріндегі катаральды симптомдармен сипатталатын ауру. Инфекциялардың таралуын болдырмау үшін ағзаның бейспецификалық тұрақтылығын арттыру керек. Науқастардың медициналық маскасыз қоғамдық орындарға бармағаны жөн. Таза ауада серуендеу, жаяу жүру аса пайдалы. Тұмауратқан кезде қалтырау, әлсіздік, дене, бұлшық­ет, буын, бас, фотофобия және тамақ ауруы пайда болады.

Дәрі ішу – аурудың алдын алуға көмекші әдіс. Тұмаумен немесе ЖРВЖ-мен ауырған кезде үйге учаскелік дәрігерді шақырған дұрыс. Мүмкіндігінше жеке гигиена ережелерін сақтап, отбасы мүшелеріне вирусты жұқтырмауға тырысқан жөн, – дейді Гүлнәр Мақсотқызы.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале