Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйлер қалай салынып жатыр? Биылғы меже орындала ма? Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасы қандай? Kazinform тілшісі құрылыс саласының мамандарымен тілдесіп, тұрғындар пікірін білді.
Өңір тұрғындарының баспанамен қамтылу жайы қалай?
БҚО құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысы дамуын үйлестіру бөлімінің басшысы Абзал Жұмалиевтің мәлім еткеніндей, биыл өңірде барлық қаржы көздерінен 629,7 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Он айдың қорытындысы бойынша 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 104,8 пайызға орындалып отыр. Демек, межеден шығуға толық мүмкіндік бар.
Абзал Ғиниятұлының сөзіне қарағанда, 2023 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында жергілікті атқарушы орган кезегінде тұрғандар үшін 15 көппәтерлі тұрғын үй (1814 пәтер) және ауылдарда 42 тұрғын үй (563 пәтер) құрылысы (барлығы 2377 пәтер) қарастырылған. Соның ішінде жыл соңында 5 көппәтерлі үй (410 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 3 тұрғын үйді (93 пәтер) қолданысқа беру жоспарланып отыр. Қалған 10 көппәтерлі тұрғын үй (1404 пәтер) және ауылдарда 39 үй (470 пәтер) 2024 жылы салынып бітпек.
«Бұл ретте қаламен қатар ауылдық жерлерде де тұрғын үйлер бой көтеріп жатқанын аңғаруға болады. Тағы бір айта кетер жайт, биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғынжайын сатып алуға республикалық бюджет есебінен 1,7 млрд теңге қарастырылып, облыс бойынша 178 пәтер сатып алу көзделген. Мұнда бір пәтерді қаржыландыру – 9,6 млн теңге. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасып, 298 пәтер сатып алу жоспарланып отыр», - деді А. Жұмалиев.
Сонымен, биыл бюджет есебінен жыл аяғында 503 пәтер беріледі делінгенімен, бұл тұрғын үйге деген сұранысты өтей алмайды. БҚО құрылыс басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда облыс көлемінде 31 935 адам кезекте тұр.
Өңірде жер кезегінде тұрғандар саны да азаймай келеді. Күні бүгін бұл тізімде 164 713 адам тұр. Биыл жыл қорытындысы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына арналған 2 870 жер телімін инженерлік желілермен қамтамасыз ету жоспарланса, соның 360-ы Бәйтерек, 1 186-сы Бөрлі, 1 324-і Теректі ауданының үлесіне тиеді. Жер кезегінде тұрғандар, әсіресе, Орал қаласында көп.
«Мен кезекке 2004 жылы 3 тамызда тұрып едім. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті, кезегім келер емес. Осыдан екі жыл бұрын қарағанымда, 1595-ші болып тұр екенмін. Енді қашанға дейін күтетінім белгісіз», - дейді Орал қаласының тұрғыны Бауыржан Ишанбеков.
Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынғаны белгілі.
«7-10-25» бағдарламасына сұраныс өте жоғары. Дегенмен бөлінген қаржы жеткіліксіз болып тұр. «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп жаңа бағдарлама әзірледі. Бұл – «9-20-25» бағдарламасы: 9 пайыз 25 жылға (алғашқы жарна – 20 пайыз). Бұл бағдарлама аясында республика бойынша жыл сайын 8 мың отбасы жалпы сомасы 150 млрд теңгеге ипотека ала алады. Батыс Қазақстанда аталған бағдарламаны келесі жылы іске қосу ойластырылып жатыр», - дейді А. Жұмалиев.
Облыс орталығында баспана мәселесін жеңілдету үшін бұдан бірнеше жыл бұрын жаңадан «Ақжайық» шағынауданын тұрғызу жұмыстары қолға алынған еді. Мұнда бюджет қаражаты есебінен 25 тұрғын үй, сонымен қатар егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен 56 әлеуметтік нысан, соның ішінде 3 мектеп (1500 оқушы), 4 спорт кешені, 9 балабақша, 2 емхана, 4 алаң, бульварлар құрылысы көзделген. Оған қоса, шағынауданда облыстық көпбейінді аурухана, перинаталдық орталық және кардиологиялық орталық салу жоспарда.
Қазіргі таңда «Ақжайық» шағынауданында бюджет есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй, 150 орындық оңалту орталығы және ішкі орам жолдары салынып жатыр. Сондай-ақ тұрғын үйлерге инженерлік желі тарту бойынша 2 нысанның, кәріз сорғы стансасының құрылысы басталды.
Тұрғын үй құрылысында жұмыс күші жетіспейді
«Болашақ-Т» ЖШС бас директоры Асқар Қощанов «Ақжайық» шағынауданында өздері салып жатқан тұрғын үйлердің алғашқысы (5 қабатты, 60 пәтер) биылғы тамыз айында тапсырылғанын жеткізді.
«Сондай екінші үйдің қаңқасы көтеріліп, көп жұмыстары жасалды. Мұны желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланғанымен, инженерлік желілер дайын болмағандықтан, кейінге қалып отыр. Әрлеу жұмыстары қараша мен желтоқсанға, салқын уақытқа тап келгендіктен, тоқтатуға тура келді. Дегенмен бұл үй келесі жылы жазда беріледі. Сол жерден 80 пәтерлік тағы бір бес қабатты үйдің қаңқасын көтеріп қойдық. Оған қоса жеті кіреберістен тұратын 140 пәтерлік үйдің іргетасы құйылды», - дейді Асқар Жасенұлы.
Құрылыс компаниясының басшысы тұрғын үйді салу кезінде жұмыс қолының жетіспейтінін айтады.
«Тұрғын үй құрылысына жұмыс күшінің жетіспеуі кедергі келтіріп тұр. Әсіресе, өз ісін сапалы атқаратын ағаш ұстасы, дәнекерлеушілер, әрлеушілер, әйнек, кафель, линолеум салатын жақсы мамандар аз. Оның үстіне, жылы мерзімде «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылыстар өріс алатыны белгілі. Сонда жұмыс қолының жетіспеуі қатты байқалады», - дейді ол.
Тұрғын үй индустриясын дамыту бағытында «Болашақ-Т» компаниясы 2014 жылы қуаты жылына 50 мың шаршы метр темірбетон бұйымдарын өндіретін үй құрылысы комбинатын іске қосқан болатын. Бұл тұрғын үй құрылысын өз өнімдері есебінен жүргізуге мүмкіндік береді. Компания германиялық «Vollert»» компаниясының қатысуымен алдағы жылдың ақпан айында үй құрылысы комбинатының қуатын 60 мың шаршы метрге жеткізбек.
Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде Бірлік көшесінде тұратын Алмас Молдашев соңғы жылдары көп үйлердің салынғанын, дегенмен сапаға көңіл бөлу керектігін айтады.
«Біздің кенттің Мұрат Мөңкеұлы және Бірлік көшелері бойында көпқабатты үйлер салынып, Орал-Саратов жолының екі қапталына сән беріп тұр. Әйтсе де тұрғындар көп аңсаған баспанаға қол жеткізгенімен, кірген кезде олқылықтарға тап болып жатады. Мердігерлер арзан құрылыс материалдарын алады ма, әйтеуір сапасы көңілден шықпайды. Мысалы, кейбір пәтерлерде қабырғаларында сызаттар пайда болып, терезелерінен жел гулейді. Сондықтан пайдалануға берілгеніне көп болмаса да, пәтерлерімізді майлап-сылауға, қайтадан жөндеуге тура келеді», - деді А. Молдашев.
Қалада құлағалы тұрған қанша үй бар?
Тағы бір мәселе – Оралда қирап тұрған үйлер әлі де баршылық. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлімдеуінше, шаһарда 54 апаттық (398 пәтер) және 300-ден астам тозығы жеткен үй бар.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде реновация бағдарламасы қолға алынғаннан бері 24 апаттық үй сүріліп тасталып, орнына 14 үй (224 пәтер) бой көтерді.
«Қазіргі кезде Орал қаласында реновация бағдарламасы негізінде 8 үй салынып жатыр. Оған қоса, «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 180 пәтерлік 9 қабатты үй құрылысы қолға алынды. Осы үйден жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға пәтер берілетін болады. Қазіргі кезде техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысына сәйкес құрылыс жалғасатын болады», - дейді Ж. Дүйсенғалиев.
Мысалы, «Болашақ-Т» ЖШС өткен жылы бір үйді бітірсе, жуырда №31 мектеп ауданында апатты үйде тұрған 48 тұрғынға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
«Тағы 40 тұрғын келесі жылы жаңа қонысқа көшетін болады. Компания мұндай жаңа үйлер ауласында абаттандыру, балалар алаңдарын салу жұмыстарын қоса жүргізеді», - деп сөзін толықтырды А. Қощанов.
Облыс орталығында жөндеуді қажет ететін үйлер аз емес. Бұларға да мән бермесе болмайды. Жуырда Оралдың бас көшесі – Н. Назарбаев даңғылы, 236 мекенжайында орналасқан 4 қабатты тұрғын үйден кірпіш құлап, әйел адамның өмірін қиып кетті. Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бұл үй алпыс жылдан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген болып шықты. Міне, тозығы жеткен үйлер адамдар өміріне де қауіп төндіреді. Мұны ұмытпау қажет.
Мамандар мен тұрғындар пікірінен түйгеніміздей, Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы барынша жүргізіліп отырғанымен, мұның өзі халықты баспанамен қамтуға жеткіліксіз екендігін байқауға болады. Сондықтан салада мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырумен қатар жеке үй салушыларға да жағдай туғызу қажеттігін ескеру керек.