22.10.2024, 12:00
Оқылды: 122

БҚО-да туристік жорықтар жиі ұйымдастырылады

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өлкетануды дамытуға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, сондай-ақ балалар туризмін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаруалар жайында сөз қозғалды.

4a4bca25-841b-4b5f-9614-3c50419ed15b

Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиевтің мәлімдеуінше, аталған бағдарлама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023 жылы әзірленген. Бағдарламаның мақсаты – жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, адамгершілік қасиеттерін санасына сіңірген, жан-жақты жетілген тұлға қалыптастыру.

– Цифрландыру заманында патриоттық және азаматтық тәлім-тәрбие беру, өлке тарихын оқыту назардан тыс қалмауы тиіс. Балалардың жан-жақты дамуына мән беру керек. Жасөспірімдердің кәсіптік бағдарын айқындауда, шығармашылық қабілеттерін шыңдауда қосымша білім беру саласының алатын орны ерекше. Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолы бар. Солардың бірі – туристік-өлкетану жұмыстарын жүргізу. Жұмыс барысында семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, фестивальдер, шеберлік сыныптары, тренингтер, экскурсиялар, экспедициялар, кездесулер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі жарыстар өткізіледі, – деді Ғалым Ибатоллаұлы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, жыл сайын аудандық, қалалық және облыстық балалар туризмі орталықтары білім алушыларының қатысуымен жорықтар ұйымдастырылады. Жорықтар туристік саяхаттар, оқу-жаттығу жиындары, өлкетану  экспедициялары түрінде жүзеге асырылады.

– Жыл сайын «Жайық-Урал» туристік-экологиялық экспедициясы, «Ақжайықтану», «Елтану» туристік-өлкетану экспедициялары өткізіледі. Облыс бойынша 169 мектепте тарихи-өлкетану мұражайы бар. Осы мұражайлар оқушылардың туған жер тарихын тереңірек зерттеуіне септігін тигізеді. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында туризм және қауіпсіз маршруттар, өлкетану және аймақаралық ынтымақтастық, экологиялық туризм, спорттық бағдарлау, спорт және дене шынықтыру секілді 5 бөлім жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында қосымша білім беруге 60 үйірме бойынша 719 оқушы қамтылмақ. Спортқа бейім оқушылардан құралған БҚО құрама командасы түрлі деңгейдегі туристік сайыстарда топ жарып келеді, – деді Ғалым Бекқалиев.

Мәрлен Мәлікұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале