10.02.2020, 17:43
Оқылды: 32

БҚО-да үш инвестжоба мақұлданды

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен Батыс Қазақстан облысының инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңесінің кезекті отырысы өтті.

 akimat joba (12)

Кеңес мүшелері алдымен кеңестің өткен отырыстарында мақұлданған бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге асу барысымен танысты. «AQJAIYQ» ӘӘК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Төлеген Мырзабековтің мәлімдеуінше, 2018 жылдан бастап инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша кеңесте АӨК, туризм, құрылыс, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу салаларын қамтыған барлығы 26 инвестициялық жоба қаралған. 2018 жылы жалпы құны 38 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын 12 инвестжоба, ал 2019 жылы жалпы құны 40 млрд. 480 млн. теңге болатын 9 жоба мақұлданған. Жыл басынан бері кеңес отырыстарында 5 инвестициялық жоба талқыланған. Жалпы құны 27 млрд. 592 млн. теңгені құрайтын бұл жобалар нәтижелі жүзеге асқаннан кейін өңірде 415 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

akimat joba (8)

-2018-2020 жылдар аралығында кеңес мүшелері қолдаған 4 ірі инвестжоба бүгінде жүзеге асты. Облыс экономикасына 8 млрд. теңге табыс әкеліп, 118 жаңа жұмыс орнын құрылды. Атап айтар болсақ, Казталов ауданындағы 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешені, Бөрлі ауданындағы «Аманат» сүтті-тауарлық кешен, Тасқала ауданына қарасты Бірлік ауданында ашылған мал бордақылау алаңы және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі жобасы. Соңғы жоба бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинау және іріктеу жұмыстары жүруде. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңі биылғы жылдың сәуір айынан басталып, қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары басталмақ. 1 054 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жалпы құны 204 млрд. 292 млн. теңгені құрайтын тағы 16 инвестициялық жоба жүзеге асуда, - деді Төлеген Базарбайұлы.

akimat joba (1)

Бұдан соң кеңес мүшелерінің назарына жаңа үш инвестициялық жоба ұсынылды. «Болашақ-Т» ЖШС Орал қаласында 150 орындық бес қабатты жеке жатақхана құрылысын қолға алмақшы. Орал политехникалық колледжінің студенттеріне арналған жатақхананы жергілікті инвестор толығымен өз қаржысына салады. Жергілікті әкімдік ғимарат құрылысына қажетті жер телімін береді. «Болашақ-Т» ЖШС бас директоры Асқар Кущановтың айтуынша, құрылыс кезінде 60 жаңа жұмыс орны, ғимарат пайдалануға берілген соң 15 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Нысан 2021 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

-Өздеріңізге мәлім, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының аясында еліміздің барлық өңірінде бірқатар ірі жоба қолға алынды. Соның бірегейі – студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту бойынша іс шаралар. Инвестор өз қаржысына жатақхана құрылысын салуды ұсынып, кейін толығымен күтіп-ұстауды жауапкершілігіне алып отыр. Сондықтан қолдауға тұрарлық маңызды жоба деп ойлаймын, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Оралдық кәсіпкер жеке жатақхананың құрылысын қолға алса, атыраулық «Нуркапстройгаз» ЖШС Орал қаласында жеке мектеп салуды ұсынып отыр. Зачаган кентінде бой көтеретін №52 мектеп 900 оқушыға арналған. Инвестордың мәлімдеуінше, жобаның жалпы құны - 1,9 млрд. теңге. Жеке мектеп 2022 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

-Жеке мектепті инвестор толығымен өз қаражатына салады. Мемлекет тарапынан жер телімі беріледі. Бұл жерде бір мәселені ашық айтуымыз керек. Жеке мектепте ақылы білім беріледі деген қате түсінік болмауы тиіс. Мектепте оқушылар тегін білім алады. Ал инвестор қосымша қызмет түрлерін ұсынып, ақылы үйірмелер мен спорттық секцияларды аша алады, - деді өңір басшысы.

akimat joba (2)

Кеңесте мақұлданған тағы бір жоба – дербес газ анализатор өндірісі жобасы. «IntelligentProtectiveSystem» ЖШС құрылтайшысы Евгений Дюсенгалиевтің айтуынша, жобаның инвестициялық құны – 85 млн. теңге.

 

Облыс әкімі Ғали Есқалиев инвесторларды кездескен кедергілерді бірлесіп шешуге шақырып, жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдау болатындығын айтты.

-Өңірлік инвестициялық кеңестің бүгінгі отырысында жалпы құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 3 жаңа инвестициялық жоба қаралып, мақұлданды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 92 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Бұл өз кезегінде негізгі капиталға инвестицияларды арттырып, өндіріс пен білімнің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатының артуына дамуына ықпал етеді деп сенім артамын. Тиісті басқармалар мен мемлекеттік құрылымдарға аталмыш жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуді тапсырамын, – деді кеңес жұмысын қорытындылаған облыс басшысы.

Жиын соңында «AQJAIYQ» ӘӘК» ҰҚ мен Kazakhinvest компаниясының өңірлік филиалы мен «Болашақ-Т», «Нуркапстройгаз», «IntelligentProtectiveSystem» ЖШС-лары арасында үш жақты меморандумдарға қол қойылды.

Динара Жұмабекқызы

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

akimat joba (6)akimat joba (9) akimat joba (11)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале