Ел Президентінің биылғы Жолдауында «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор» деп атап өткен болатын. Бүгінде ішкі істер органдары жүйесін жаңаша бағытқа бұру мақсатында бірқатар игі істер атқарылуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу туралы құқық қорғау органдарына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Президент айтқан «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған модульді-стационарлы бекеттер пайдаланылуға берілуде. Бұл бекеттер халыққа тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда бұл орында таңғы сағат 9-дан кешкі 11-ге дейін учаскелік полиция қызметкерлері, ал кешті сағат 11-ден таңғы 9-ға дейін жол-патрульдік қызметкерлері өз жұмыстарын атқарады. Ергер тұрғындардың қандай да бір арыз-шағымдары болса осы жерлерге келіп жолыға алады.
Ақсай қаласында дәл осындай бес бекет ашылды. Енді қала орталығындағы «Мирлан» базары аумағынан, «Аяжан», «Сити орталық», «Жәңгірхан» сауда үйлерінің маңынан да осындай бекеттер ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта қаражаттың көлеміне қарай мұндай бекеттердің санын арттыра беру көзделуде,-дейді БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Жанболат Жаншин.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz