22.02.2024, 9:46
Оқылды: 32

БҚО-да заңбұзушылық денсаулық сақтау саласында көп кездесіп отыр

Облыстағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер арасында ең көп, яғни (22  771/58,6%) заңбұзушылық денсаулық сақтау саласында кездесіп отыр. Одан кейінгі тізімде жер қатынастары (13 416/34,5%), сәулет және қала құрылысы (2 535/6,5%) мен ауыл шаруашылығы (46/0,1%) тұр. Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Бауыржан Ибрашев баяндады.

92f6df97-e00c-4c5b-beb5-a5bde25a532f

Оның мәліметінше, 2023 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау іс-шараларының нәтижесінде жалпы алғанда 38 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Рұқсат құжаттарын беру мерзімдері мен тәртіптерін бұзу бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 465-бабы бойынша 79 әкімшілік хаттама толтырылыпты. 3 млн 700 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Сәйкесінше 39 қызметкер түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жергілікті атқарушы құрылымдарда 23 344, орталық мемлекеттік құрылымның аумақтық бөлімшелерінде 15 483 заңбұзушылық белгілі болған. «Былтыр қазан айында медициналық мекемелердің ақпараттық жүйелеріне талдау жүргізілді. Онда тұрғындардың емханаларға тіркелу үшін жазған өтініштерін қабылдау және өңдеу барысы назарға алынды. Сол кезде рұқсат құжаттарын беру мерзімі бұзылғаны туралы 22 759 дерек анықталды. Негізі, азаматтар медициналық ұйымға бір күннің ішінде тіркелуі керек. Бірақ өтініштер уақтылы қаралмай, бұзушылықтарға жол берілген. Тіпті үш-төрт ай тіркеле алмай жүрген азаматтар бар. Бұл жауапты қызметкердің салғырттығы болса керек. Сонымен қатар мемқызметтегі электронды-цифрлық қолтаңбаны қолдану мәселесі де қаралды. Бұл салада 66 дерек анықталды. Яғни бірінші басшы жұмыста уақытша болмаса да, оның орнындағы жауапты маман электрондық цифрлық қолтаңбасын қолданған», – деді Бауыржан Ибрашев. Баяндамада мәлім болғандай, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан 11 дерек анықталып, 12 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілген. Әдеп кеңесінің мүшелері баяндамашы айтқан бұзушылықтардың саны тым көп және тиісті шаралар алынуы қажет екенін айтты. Жиынды жүргізген агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов әр мекемедегі кінәлі адамдардың жауапкершілікке тартылғанын әңгімеледі. Мұндай бұзушылықтарды қайталаса, оларға қолданылатын жаза да қатаң болмақ.

Кеңес отырысында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина өңірдегі жергілікті атқарушы құрылымдардағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы жөнінде есеп берді. Былтыр өңірдегі мемлекеттік қызметшілер арасында 576 түсіндіру жұмысы жүргізілген. Айман Рафикқызы жала жабылғанын біле тұра, кейбір мемқызметшілердің өздерін ақтап алуға құлықсыз екенін, «уақытым жоқ» әлде «жұмысымнан айырылып қаламын» деген желеумен жылы жаба салатындарын қаперге салды. Осы орайда кеңес мүшесі  Мұрат Мұқаев әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілерге негізсіз кінә тағатындардың көбейгенін, осындай жалаға ұшыраған қызметшілердің құқықтарын қорғауды назарға алу керектігін атап өтті. «Сондықтан әкімдіктердегі заң бөлімдері мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғайтындай шаралар қабылдауы керек» деген ұсынысын жеткізді. Ал Мұрат Байсалов мемқызметшілер орынсыз сынға қалмас үшін, өз міндетін заң бойынша атқаруы қажеттігін баса айтты.

Департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Самат Искалиев мемлекеттік құрылымдардағы тәртіптік комиссиялардың былтырғы 4-тоқсанда атқарған жұмыстарына жүргізілген талдаумен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы туралы мәліметтер анықталған жағдайда одан екі жұмыс күні ішінде жазбаша түсініктеме талап етіледі. Алайда облыстық ветеринария және еңбек инспекциясы басқармалары, Бәйтерек, Шыңғырлау және Қаратөбе ауданы әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілерінен түсініктемелер кешіктіріп алынғаны анықталған. Сондай-ақ мемқызметшілерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру арнайы акт шығарылғаннан кейін он күннен аспайтын мерзімде жүргізілуі тиіс. Бірақ Ақжайық және Сырым ауданы әкімдіктерінде тексеру мерзімі бұл  күннен асып кеткен. Қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау кезінде облыстық әділет департаментінде де бірқатар кемшілік анықталған. Жалпы талдау барысында 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылып, құқықтары қалпына келтіріліпті.

Кеңес барысында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандағы мемлекеттік қызмет заңнамасы мен әдеп талаптарының сақталуына қатысты атқарылған жұмыстармен таныстырды. Отырыс соңында кеңес мүшелеріне ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ғылыми кеңесі ұсынған Әдеп кодексінің түсіндірмелері таратылды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале