19.07.2021, 20:37
Оқылды: 4512

БҚО-да жағажайда бассыздыққа жол бергендер жазаланады

Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев эпидемиологиялық жағдай ушыға түскенін, Орал қаласы мен барлық аудан «қызыл аймақта» екенін хабарлады.

IMG-20210719-WA0102

Шілде айының басынан бері қатерлі дерт көрсеткішіне қатысты 3 595 жағдай тіркелген. Соның ішінде 41-60 жас аралығындағы адамдар (1436) індетке көп шалдығуда. Департамент басшысы 14 жасқа дейінгі балалар арасынан ауру жұқтырғандар да (393) біраз екенін атап өтті. Балаларда іш ауруына ұқсас симптомдар жиі байқалады.
Індеттің таралуын болдырмау үшін шілденің 1-нен бері 322 рейдтік іс-шара өткізілген. Бірақ мониторинг топтары мүлт жіберіп жатқан жағдай да жетерлік. Мәселен, шілденің 17-сіндегі іңір сәтінде Бәйтерек ауданындағы су жағасында бір топ адам қызылды-жасылды шаммен көмкерілген сахнада тыр жалаңаш билегендердің «өнеріне» куә болды. Ұялы телефонмен түсірілген «ұятсыз» бейнежазбалар әлеуметтік желілер арқылы лезде көпшілікке тарап кетті.

IMG-20210719-WA0105

«Трекин ауылдық округі Жайық ауылында жаңа жағажайдың ашылуына байланысты өткен іс-шараға 150 адам қатысқан. Соған байланысты біздің құрылымдық бөлімшеге полиция департаментінен іс материалдары жолданған. Осы іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған кәсіпкер Дүйсекеновке 670 мың теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде шешім қабылдағалы отырмыз. Күннің ыстық болуына байланысты адамдар өзен-көл жағасына жиі шоғырланады. Көпшілік жерде індет жұқтыру қаупі зор. Жедел штаб мүшелеріне барлық жағажайды сенбі-жексенбі күндері жабу мәселесін қарастыруды ұсынамын. Әсіресе, Бәйтерек ауданында мұндай демалыс аймақтары өте көп. Жағалауға шоғырланғандар, әсіресе, жастар карантин талаптарын өрескел бұзуда», – деді Мұхамғали Арыспаев.
Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полковник Мерхат Аженов Бәйтеректегі бассыздыққа 150 адам қатысқанын растады. «Әкімшілік кұқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына («Ұсақ бұзақылық») сай көпшілік іс-шараға қатысқандар жауапқа тартылады. Қазіргі уақытта кінәлі адамдардың бірі – 1992 жылғы жігіт туралы мәлімет белгілі болды. Басқа да тәртіп бұзғандар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік іс материалдары жиналған соң, сот құрылымдарына жолданады», – деді Мерхат Аженов.

IMG-20210719-WA0104
Жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан басшысы Марат Тоқжановтан бейәдеп іс-шараның өткізілуіне байланысты түсініктеме беруді талап етті.
– Шілденің 18-іне қараған түні оспадарлыққа жол берілген оқиға болды. Шынтуайтына келгенде, оқиға болған жерде ресми түрде жағажай ашылмаған. Ауданда ресми тіркеуге алынған екі-ақ жағажай бар. Қалғандары – көпшілік суға түсетін орындар. Ресми түрде есепке алынбағандықтан әрі жекеменшік аумаққа тиесілі болғандықтан, әңгімеге арқау болған жерге мониторинг топтары бармаған. Бәйтерек аудандық полиция бөлімі, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және прокуратура құрылымдарымен бірлесіп, негізгі мән-жайды анықтаудамыз. Кәсіпкер Қайрат Дүйсекенов жағажайды жалға бергенін айтып, жауапкершіліктен басын алып қашып отыр. Бірақ кінәлі адамдар жазадан құтылмайды, – деді мәселе барысын тілге тиек еткен Марат Тоқжанов. Облыс әкімі Ғали Есқалиев ел ішінде індет жайлап жатқанда, Бәйтерек ауданында айтуға ауыз бармайтын сорақылықтың орын алуы қоғам үшін өте өкінішті жайт екенін айтты.
– Бір топ адам карантин талаптарын бұзып, мәдениетке жат қылықтарымен облысты ел алдында қарабет қылды. Осындай көргенсіз әрекет жасағандарды, бейәдеп іс-шараны өткізуге атсалысқандарды заң алдында жауапкершілікке тартып, қатаң түрде түгел жазалау қажет. Ұлттың ар-ұжданы болып саналатын өрімдей ұл-қыздарымыздың бейәдеп қылық жасауы – дабыл қағатын мәселе.

IMG-20210719-WA0101

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Қызға қырық үйден тыйым» деген бұлжымас қағидаларымыз неге сақталмайды? Осындай бейәдеп кешке жастардың құмартуы – коронавирустан да ауыр індет. Бәйтерек ауданында карантиндік талаптардың сақталуын қадағалау тиісті деңгейде атқарылмай отырғаны белгілі болды. Мұндай сорақылықты болдырмау үшін алдын ала жұмыстануларың қажет еді. Сол себепті аудан әкімі Марат Тоқжановқа қатаң сөгіс жариялаймын. Идеологияға жауапты аудан әкімі орынбасарына, оспадарсыз оқиға болған ауыл әкімі мен бейбастыққа жол берген мониторинг топ басшысына қатысты тиісті деңгейде тәртіптік шара алуды тапсырамын. Жағажайды жалға берген кәсіпкерді және жалға алғандарды қатаң жазалаған дұрыс. Жауапты құрылымдар жастар арасында тәрбиелік іс-шараны күшейтіп, білім мекемелерінің басшылары әр ата-анамен түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс. Демалыс күндері жағажайлар мен басқа да көпшілік тынығатын орындар жабылуы керек. Осыған қатысты бас санитар дәрігердің ұсынысын қолдаймын, – деді Ғали Есқалиев.

IMG-20210719-WA0103
Жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков тұрғындарды вакциналау жайын баяндады. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков той-томалақ өткізуге бейілді мейрамхана-кафе иелерімен түсінік жұмысы жүріп жатқаны жөнінде айтты. Облыс басшысы жауапты шенеуніктерге вакциналау көрсеткіші әлі төмен деңгейде екенін айта келіп, соған байланысты үгіт жұмысын ширатуды және қаладағы қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале