10.07.2018, 17:27
Оқылды: 51

БҚО-да Жайық өзенінен денесі табылған бойжеткеннің өліміне қатысты деректер анықталуда  

 

DSC_0005БҚО-да соңғы он жыл ішінде 270 адам суға шомылу кезінде қаза болған. Олардың жетпісі - кішкентай балалар. Ал 2017 жылы тілсіз жаудың құрбаны болған 18 адамның бесеуі - жасөспірім. Биылғы суға шомылу маусымы басталғалы бері екі адам тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқан. Соңғы қайғылы оқиға 8 шілде күні орын алған еді. Қазір Коминтерн ауылы тұсындағы Жайық өзенінен денесі табылған бойжеткеннің өліміне қатысты деректер анықталуда. Егер суға батып кеткені расталса, зардап шеккендер саны үш адамға жетпек. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асылбек Ахметжанов мәлімдеді.


 

Облыста арнайы белгіленген 15 суға шомылу орны болса, соның төртеуі Орал қаласының аумағында орналасқан. Олардың үшеуі қалалық мәдениет және демалыс саябағында және біреуі «Светлячок» туристік кешенінде.

Суға шомылу рұқсат етілген жағажайларда құтқарушылар мен сүңгуірлер жасақтары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Оған қоса арнайы жабдықталмаса да, халық жиі барып, суға шомылатын «жабайы» жағажайлардың маңында да кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Асылбек Қосманұлының айтуынша, облыстың су айдындарында «Суға түсуге тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады» және т.б. 117 арнайы белгілер мен стендтер орнатылған. Төтеншеліктер облыстық «Жас Отан» жастар қанатының еріктілерімен бірге жағажайда демалушыларға судағы қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратуда. Облыстық білім басқармасымен бірлесіп, оқушыларды суда жүзуге үйрету курстары, сонымен қатар жергілікті полиция қызметімен бірге жағажайларда рейдтер жүргізілуде. Жалпы, облыс бойынша мамыр-қыркүйек айлары аралығында  адамдардың суға кету қаупінің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастырылмақ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының сүңгуірлік-құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеевтің айтуынша, су айдындарында қаза болғандардың тоқсан пайызы суға масаң күйінде түскен. Тыйым салынған су айдындарында шомылу мен ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы да қайғылы жағдайлардың орын алуына әкеп соғуда.

-Өкінішке орай, жағажайларда демалу кезінде адамдар өзінің және балаларының қауіпсіздігін ойламайды. Су жағасына барған соң, кішкентай балаларды жіті қадағаламайды. Дастарқан басында ересектер өздерімен өздері болып кетеді. Ал баланың суға кетуі бір сәт қана.

Сондай-ақ демалушылар суға түсуге болмайтын жерлерге қойылған арнайы белгілерді ескермейді. Белгінің үстіне киімдерін іліп қояды, майыстырып сындырады, тіпті жұлып алып, лақтырып тастайды. Сол себепті жыл сайын жағалаулардағы арнайы белгілердің жартысынан астамын жаңадан орнатуға мәжбүрміз, - дейді төтеншеліктер.

Азаматтарды судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап мейлінше абай болуға, әсіресе, кішкентай балаларды көзден таса қылмауға шақырған төтеншеліктер тыйым салынған су айдындарында шомылмауға кеңес береді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале