21.08.2024, 12:45
Оқылды: 194

БҚО-да жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жуырда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин және облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Ғұмарова жаңа оқу жылына дайындық тақырыбында баяндама жасады.

0357DE95-2738-43D3-B622-C7868302B8E2

Елдос Набиоллаұлының сөзінше, облыста  үш ауысымды 10 және  апатты жағдайдағы 16 мектеп бар. Биыл Бөрлі, Казталов аудандарындағы 2023 жылдан ауыспалы екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылмақ. Жаңа оқу жылында Теректі ауданының Подстепный ауылында 1 200 орындық, Орал қаласындағы 1 500 орындық №60 мектеп пайдалануға беріледі.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақала ауданындағы Карманов мектеп-балабақша кешеніне күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Ақжайық ауданындағы Базартөбе және Бәйтерек ауданындағы Раздольный мектептеріндегі 2022 жылдан ауыспалы күрделі жөндеуді аяқтауға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мердігерлер анықталды. Жөндеу жұмыстары биылғы 12 тамызда басталды. Нысандар тамыз айының соңына дейін пайдалануға берілмек. Одан бөлек, «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық  жобалары аясында 4 білім беру нысанының, атап айтқанда дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебі және №17, 9 мектептердің күрделі жөндеуіне қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты ғимаратының ағымдағы жөндеуіне қаражат бөлінді. Жалпы ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 181,0 млн теңге қарастырылып, жұмыс барлық мектепте жүргізілуде, - деген басқарма басшысы әрі қарай білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Спикердің сөзінше, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің нұсқаулығымен биыл білім беру ұйымдарына қауіпсіздік бойынша қойылатын талаптар өзгерді. Осыған орай білім беру мекемелерін аталған талаптарға сәйкестендіру мақсатында қауіпсіздік құралдарына облыстық бюджеттен 404,2 млн теңге қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін өңір мектептерін осындай құралдармен толық қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында биыл облыс бойынша оқушыларға 450,0 млн теңге қаражат қарастырылған. Бүгінде 6278 оқушыға жалпы сомасы 272,5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Бұған қоса 213 оқушы 2,3 млн теңге көлемінде демеушілер тарапынан  көмек алды.

Айта кетейік, акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету. Науқан 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтуде.

«Мемлекеттік білім беру ұйымдарына оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерді сатып алу және жеткізу» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджет есебінен 2024-2025 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер алу үшін 1 928,1 млн теңге, ал тасымалдауға 33,5 млн теңге бөлінген. Барлығы 13 баспадан 661 754 дана кітап алынған.  

– Биыл білім беру ұйымдарын жаңа модификациялы пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету мақсатында 160 кабинет жабдықтарын сатып алу үшін облыстық бюджеттен өңір мектептеріне 2 174,0 млн теңге қарастырылды. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 4 мектептің материалдық әлеуеті  жаңартылатын болады. Бүгіндері облыс аумағындағы 374 мектептің 55-і орталықтандырылған жылумен, 291-і аутономды қазандықпен, 21 мектеп пешпен, 7 мектеп электр энергиясымен жылытылады. Жылыту маусымына дайындық барысында 359 білім беру ұйымында жылыту жүйесінің қысымын тексеру  жұмыстары жүргізілді. Биыл 13 келісімшарт жасалып, 24,2 млрд м3 көгілдір отын сатып алынды және 533 тонна қатты отынға келісімшарт жасақталды. Барлық мектепке жылу уақтылы берілмек, - деді Елдос Сафуллин.

Келесі сөз кезегін алған Сәуле Ғұмарова өз баяндамасында әлеуметтік статусына қарамастан, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде жергілікті бюджеттен тиісті қаражат қарастырылғанын айтты. Осыған байланысты департамент өңірдің мектептерінде ыстық тамақтың ұйымдастырылуына мониторинг жүргізіп, қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы құрылымдарға  ұсыныстар берді. Соның нәтижесінде биыл 55 млн теңгеге асхана жабдықтарын жаңарту жұмыстары жүргізілген.

– Бiлiм беру сапасын арттыру мiндетi оны бағалаудың дұрыс құрылған жүйесiн әзiрлеудi де талап етедi. Осы мақсатта білім беру ұйымдарын мемлекеттік бақылаудың бірқатар тетігі бар. Биыл департаменттің бақылау іс-шараларымен 52 мектеп пен 31 мектепке дейінгі ұйым қамтылды. Яғни 24 мектепте мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, 28 мектептің мектептерге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілді. Жыл соңына дейін 140 мектеп пен 16 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, 12 мектептің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілмек. Бұған қоса бүгіндері «Елдің 943 нысаналы мектебін дамыту» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба қосымша қолдауды қажет ететін мектептерге консультативтік және әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған. Бұл жобамен облыстың 124 мектебі қамтылады. Жоба шеңберінде әдістемелік орталықтар базасында жобалық кеңсенің жұмыс істеуі, нысаналы мектептердің жеке жұмыс жоспарын қалыптастыру, нысаналы мектептердің әдіскерлері мен педагогтерін оқыту сынды іс-шаралар жоспарланған, – деді Зәуре Базарғалиқызы.

Аружан Аманжол
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале