26.07.2024, 12:00
Оқылды: 42

БҚО-да жас боксшыларға арналған кешен ашылды

Осыдан 111 жыл бұрын Семейде «Ярыш» атты футбол командасы құрылған екен. Онда кейін қазақтың атақты сөз зергері Мұхтар Әуезов доп тепкенін де біраз ел біледі. Өткен ғасырдың басында құрылған команданың алғашында жөні түзу формасы дажаттығуға қажетті добы да болмаған. Ел жастарының спортқа деген қызығушылығына разы болған Семей өңірінің байы Сыдық Нығматуллин футболшыларға былғарыдан доп тіккізіп, арнайы форма алуына да ықпал жасаған.

B34CB2BA-EB29-41AA-BA31-07B787583B7D

Сыдық бабамыздан бөлек, елге пайдасын тигізген ауқатты адамдар аз болмаған. Қазір де атымтай жомарт жандар жетіп жатыр. Солардың бірі шыңғырлаулық Арон Акиев. Ол Орал қаласынан боксқа қызыққан балаларға арналған «Aron boxing club» спорт кешенін салды.

Жалпы аумағы 300 шаршы метр құрайтын спорттық зал тек бокспен айналысуға арналған. Кешенді тұрғызуға ұйытқы болған Арон Жұмағалиұлының айтуынша, аталған нысанды салудағы басты мақсат бокспен шұғылданушылар санын ұлғайтып, олардың толыққанды жаттығуын ұйымдастыру, Батыс Қазақстан бокс мектебінің жағымды имиджін  қалыптастыру екен.

F0278D13-2B55-4802-92F3-8E0FE2C734DA

Бала біздің болашағамыз. Өскелең ұрпақтың дені сау болғаны маңызды. Сонымен қатар өңір боксшылары заман талабына сай келетін барлық керек-жарағымен қамтылған залдарда жаттығуы керек. Қолымыздан келгенше сондай жағдай жасауға тырысамыз, деді Арон Акиев.

Осыдан екі жыл бұрын іргетасы құйыла бастаған бокс кешені күні кеше ашылды. Облыстың талантты деген жас былғары қолғап шеберлеріне арналған спорт нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысты.

Сонымен қатар аталмыш шараға бокстан ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновтің жеке бапкері Марат Елеусінов, спорт ардагері, Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы, Шыңғырлау ауданында бокстың негізін қалаушы Александр Пятин, спорт ардагері, бокстан ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуаныш Уахасов,  бокстан ересектер арасында әлем біріншілігінің алтын жүлдегері, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері Галиб Джафаров келді.

B8F26EC3-FA57-40C9-B7C2-31EC8EE3CF4B

Егемен еліміздің басты байлығы – оның халқы. Сондықтан адамның өмірі мен денсаулығына айрықша назар аударылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, халық денсаулығын нығайту керек екенін айтып келеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы спорттық нысандардың қолжетімді болуына да ерекше назар аударады. Соңғы жылдары елімізде спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Соның бірі ел игілігіне беріліп жатқан «Aron» бокс клубыЖастарды бокс өнеріне баулуды мақсат еткен клуб жұмысына сәттілік тілейміз! Ел намысын қорғайтын бәсекеге қабілетті бокс тарландарын дайындау, отандық бокстың рейтингін көтеру бағытындағы ісіңіз оңынан болсын, деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

44A525B3-E432-43CA-B201-4EC1BC5D1C83

Одан соң Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин, бапкер Александр Пятин сөз алып, жаңадан ашылған клуб жұмысы алға баса берсін деген жүрекжарды тілектерін білдірді.

Шыңғырлау бокс мектебінің қандай жоғары деңгейде екенін білеміз. Облыстағы бокс орталығы саналатын Орал төрінде аудан азаматтары арнайы кешен ашып жатқанын естіп, жақсылықты көрмекке деп Астанадан арнайы келдім. Арон бауырымызды бұрыннан білемін. Басқа кәсіпкерлер секілді ісін кеңейтіп, пайда әкелер сауда орталығын не болмаса супермаркет салуына да болар еді. Бірақ ол басқа жолды таңдап, елге пайдасын тигізер іске ұйытқы болды. Енді оралдық боксшылар биік белестерді бағындырады деуге болады, деді Марат Елеусінов.

12BA9BCB-4E8B-450F-A4FC-356DAACF9905

Шаршы алаң мен былғары қолғапты жанына серік еткен жандарға арналған спорт кешенінің ашылуына арнайы келген бокстан әлем біріншілігінің жеңімпазы Галиб Джафаров та аталған нысан спорттың, соның ішінде бокстың дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Біз спортты бастаған кезде көпқабатты үйлердің жертөлесінде, жылуы айырылып, суы болмай қалатын ескі залдарда жаттығу жасайтынбыз. Қазір заман түзеліп, спортқа бет бұрған жастарға барынша жағдай жасалуда. Ашылған кешен ішінде керектінің барлығы бар. Тек жастар алаңсыз жаттығу жасауы керек, деді Галиб Мұсаұлы.

8491D677-1BAB-47EB-AD4A-22B60125D783

Көптің игілігіне берілген 300 шаршы метрді алып жатқан кешен ішінде стандартқа сай келетін шаршы алаң, боксшыларға қажетті барлық құрал-жабдық және күш-қуатты қалпына келтіретін тренажер, жуыну бөлмесі де бар.

Аталған кешенді ашқан кәсіпкер Арон Акиев болашақта кешен маңынан жатақхана ашып, ауылдық жердегі талантты боксшылардың алаңсыз жаттығуына жағдай жасауды көздейді. Ол әзірге болашақтың еншісіндегі шаруа.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале