Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жаңа жылдық мереке күндері қауіпсіздік ережелерін сақтау шаралары туралы айтылды.
- Жалпы қыс мезгілін апатсыз өткізуді қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімдігі мен ТЖ департаментінің ерекше бақылауында тұр. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс жасауда, ірі авариялар тіркелген жоқ, - деген БҚО ТЖД төтенше жағдайлардң алдын алу бөлімінің басшысы Марс Отаров тұрғындарды қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтауға шақырды. Жаңа жылды әсерлі әрі есте қаларлықтай өткізгісі келетін кейбір тұрғындар түрлі пиротехникалық заттарды, мәселен, от шашу, петардаларды және басқаларын сатып алады. Оларды пайдалану барысында адам денсаулығына зияны тимеу жағын ұмытпау және өрт қауіпсіздігін есте сақтау қажет деді мамандар.
Облыс бойынша су айдындарында автоөткелге арналған 16 орын белгіленіп, 54 дана ескерту белгілері орнатылған. Алайда су айдындарында мұздағы қауіпсіздікті сақтау бойынша жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, желтоқсан айында 4 адам суға кеткен. БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Бахытжан Ихсанов пен өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Амангельды Ешмуханов өрттен сақтану және мұздағы қауіпсіздік шараларына жан-жақты тоқталды.
Айта кету керек, қыс мезгілін қауіпсіз өткізу үшін де арнайы жұмыстар жүргізілген. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге қажетті жанар жағар-май қоры 850 тоннаға жуық көлемде жасақталған. Тайғақ жолға қолдану үшін 30 мың тоннадан астам қажетті материалдар, соның ішінде 20 мың тоннаға жуық құм, 3 мыңға жуық тұз және 8 мың тоннадан астам құм-тұз аралас қоспа дайын тұр. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге 357 бірлік жол техникасы жұмылдырылады. Аталған жолдар бойында 17 жылыту пункттері ұйымдастырылған. Одан басқа аудандық әкімдіктермен аумақтағы жол бойында орналасқан 23 кафемен ниет-келісім шарты жасалған.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»