10.09.2024, 13:00
Оқылды: 164

БҚО-да жеті маманның жалған дипломмен жұмыс істеп жүргені анықталды

Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды аталған кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов жүргізді.

EE81C79C-B53D-443C-879C-E9EA95B995FA

Кеңесте алдымен Орал қалалық тұрғын үй комиссиясының мүшелері – Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, қаржы бөлімі-нің басшысы Ербол Шүкірғалиев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмат Ашиков және қалалық әкім аппараты бірыңғай мемлекеттік-құқықтық жұмыстар қызметі бөлімінің басшысы Әлихан Мыңжасаровқа қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Бұл іспен Орал қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры Ержан Нұрбол таныстырды. Оның баяндауынша, қалалық прокуратура Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаевқа қызметтік пәтер берудің заңдылығына талдау жүргізген.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 72-бабына сәйкес, «егер азаматтың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мұқтажға айналғаны анықталса», оған баспана берілмейді.

А.Құлқаев Орал қаласындағы Жаңа орда шағын ауданындағы сатып алынған пәтерді иеліктен шығарған. Осылайша өзінің тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатқан. Алайда жергілікті атқарушы орган заң талаптарына қарамастан, А. Құлқаевты тұрғын үйге мұқтаж деп танып, қалалық тұрғын үй комиссиясының шешімі мен әкімдіктің қаулысы негізінде қызметтік пәтерді жалға берген. Прокуратураның тексерісінен соң, аппарат басшысы пәтерді қайтарып берген.

«Қалалық әкімдік тұрғын үй комиссиясының заңсыз шығарған хаттамасын жойды. Ал прокуратура алдағы уақытта бұндай заңбұзушылықтарға жол бермес үшін ұсыным енгізді. Сонымен бірге Орал қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде құқыққа қайшы қолдауларға жол берген. Сондықтан прокуратура оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы талап қойды», – деді Ержан Нұрболұлы.

Облыс әкімі аппаратының бірыңғай заң қызметінің бас инспекторы Жанат Жамашұлының баяндауынша, әкім аппараты қалалық прокуратураның ұсынысына қатысты зерделеу жұмысын жүргізген. Ондағы мақсат – қалалық әкім аппаратының бірқатар лауазымды қызметкерінің тәртіптік теріс қылықтар жасағанын анықтау. Осы зерделеудің нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған. 2023 жылы қызметтік тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан 87 арыз түскен.

Алайда мемлекеттік қорда бос пәтер болмауына байланысты 34 мемлекеттік қызметшіге қызметтік тұрғын үй берілмеген. Осындай жағдайға қарамастан тұрғын үй комиссиясының мүшелері «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заңының 10-бабы 3,4-тармақтарына сай, яғни  азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін талапқа сәйкес жүзеге асырмаған. Комиссия мүшелері А. Құлқаевтың пәтерге мұқтаж тұлғалардың есебінде тұрмағанына, өз жағдайын әдейі нашарлатуына қарамастан, «пәтерін апасына сыйға берген» деген бір маманның ескерткеніне қарамастан, пәтер беруге шешім шығарған.

Бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй комиссиясы төрағасының орынбасары Жандос Дүйсенғалиев және комиссия мүшесі Әлихан Мыңжасаров пікірлерін айтты. Олар А.Құлқаевқа үйдің жекешелендіруге емес, уақытша қызметтік тұрғын жай ретінде берілгенін алға тартты. Кеңес отырысында тәртіптік істері қаралған төрт мемлекеттік қызметшіге, яғни комиссия мүшелеріне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.  

Бұл жиында Орал қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Әшімхан Джалмухановқа қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Ол жеке тұлғадан қарызға ақша алып, өзінің немесе жұбайының есепшотына аудартып отырған. Бірақ құзырлы құрылымдар тексергенде бұл ақшаны не үшін алғаны анықталмаған. Оның ісінде қылмыстық құқық бұзушылық болмаған. Бірақ әдеп талаптарын бұзған. Ал қарыз беруші мемлекеттік қызметшіден ақшасын толықтай қайтарып алған. Бөлім басшысының орынбасары Әшімхан Джалмухановтың мемлекеттік қызметші әрі басшылық лауазымда бола тұра заң және Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны расталып отыр. Бұған WhatsApp мессенджеріндегі хат-хабарламаларының көшірмелері мен өзінің түсініктемесі дәлел. Осы ретте, оған Әдеп жө-ніндегі кеңестің ұсынысымен сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.  

Келесі кезекте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағы сыбайлас
жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесі айтылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин баяндады.

Оның сөзіне сүйенсек, спорт басқармасы мен оған бағынышты мекемелерге жүргізілген талдау барысында 2018-2023 жылдар қамтылған. Соның нәтижесінде 14 тәуекел анықталып, 25 ұсыныс берілген. Олардың қатарында қызметтерді, тауарларды аффилиирленген  тұлғалардан, яғни таныс адамдардан немесе көтеріңкі бағамен сатып алу, жаттықтырушылардың жалған диплом қолдануы, легионерлерге көтеріңкі жалақы төлеу, артық жалақы төлеу арқылы жымқыру, спорт ұйымының қызметкері еместерді іссапарға жіберу, спорт ғимараттарын аффилиирленген тұлғаларға сенімгерлікке беру, спорт ғимараттарын көтеріңкі бағада жалға алу, негізсіз сыйақы төлеу, нәтижесі жоқ және танымал емес спорт түрлерін қаржыландыру және соттылығы бар азаматтарды жұмысқа қабылдау бар.

«Департамент пен спорт басқармасы арасында осы айтылғандарды жою жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Алайда оларды орындау барысында бірқатар мәселе бар. Мысалы, іс-сапар шығындарын іс-сапарға жіберілетін спортшылардың өздерінің есепшоттарына аудару жөнінде ұсыныс айтылды. Бірақ бұл ұсыныс орындалмай отыр. Яғни қаражат бас бапкерлердің шотына жіберіледі де, қалғандарына жіберілмейді. Сондай-ақ басқарма 7 қызметкердің жалған дипломмен жүргенін анықтады. Бұл дерек тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер құрылымдарына жолданды. Жалпы сыртқы талдау нәтижесі бойынша бір қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екінші қылмыстық іс бойынша спорт басқармасына бағынышты мекеменің есепшісі сотталды», – деді Біржан Марданұлы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов айтылған заңбұзушылықтарды жою бойынша атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Оның сөзінше, іс-сапар шығындарын төлеуге қатысты жалпы ел аумағында мәселе бар және тиісті ведомствода арнайы жұмыс тобы құрылған. Енді осы мәселенің шешімі ретінде баршаға ортақ құжат дайындалмақшы. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов басқарма өкіліне сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайту бағытындағы жұмысты ширату қажеттігін айтты. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Ерғалиев қызметтік әдептің сақталуына жүргізілген мониторинг жөнінде баяндады.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале