Батыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан жіті респираторлық вирустық инфекциялардың өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе өсуі байқалады (2021ж. 11560 жағдай анықталса, 2022 ж. 21069 жағдай тіркелген).
Фотосурет: rgmedia.kz
ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар – 49,41%, 1 жасқа дейінгі балалар - 6,13%, жүкті әйелдер – 1,06% құрайды. Жыл басынан пневмонияның 180 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық 93,3% құрайды.
2021-2022 ж. эпидемиялық маусымда тұмаудың 98 жағдайы тіркелді.
Облыста тұмау және ЖРВИ-мен сырқаттанушылыққа, тұмау вирусының айналымына мониторинг жүргізу және вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде эпидемиологиялық қадағалаудың жеткілікті тиімді жүйесі қамтамасыз етілгенін атап өту қажет.
Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Облыс бойынша барлығы 68303 адам тұмауға қарсы егілді. Тұмауға қарсы вакцинация өңірде 15 қыркүйекте басталған болатын.
ЖРВИ және тұмаудың эпидемиялық маусымының басталуымен арнайы емес профилактика да жүргізу қажет. Арнайы емес алдын алу — ол дененің өзіндік қорғанысын нығайтуға бағытталған.
Алдын алу әдістерінің бірі — ауру адамдармен байланысты шектеу, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, маусымға сай киіну.
Адамдар көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқастарға күтім жасау кезінде науқастарға да, сау адамдарға да медициналық маска кию ұсынылады.
Науқас үйде болған кезде оны оқшаулауды қамтамасыз ету керек, бөлмені үнемі желдетіп, барлық заттардың үстін сүртіп, дымқыл тазалау керек, науқасқа жеке ыдыс-аяқ бөліп, оны үнемі өңдеу қажет.
Тұмаудың алдын алудың маңызды әдістерінің бірі – қолды сабынмен жиі жуу немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, әсіресе ауырып жүрген кезде немесе науқасқа күтім жасау кезінде.
Сонымен қатар, иммунитетті көтеретін қол жетімді әдістерді қолдануды ұмытпаңыз (пияз және сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптерден, қарақаттан, итмұрыннан жасалған қайнатпаны көп ішу, С дәрумені көп тағамдарды тұтыну, мысалы, тұздалған капуста, цитрус жемістер, сонымен қатар ақуызға бай тағамдарды тұтыну).
Тұмау асқынуларымен қауіпті, сондықтан респираторлық аурулардың алғашқы белгілері анықталған кезде өз бетімен емделумен айналысуға болмайды, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Кенжегалиева Лаура Нұрланқызы
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы