22 ақпан күні Атырау-Орал тас жолының 259 шақырымында, Ақжайық ауданының Атамекен ауылынан 10 шақырым жерде Toyota Corolla және Lada Priora көліктерінің қатысуымен жантүршігерлік жол көлік оқиғасы орын алды.
Апат салдарынан төрт әйел мен екі ер адам қайтыс болып, Атырау облысының 1978 жылы туылған тұрғыны түрлі жарақатпен Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілген еді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ауылдық аурухана дәрігерлері алғашқы тексеру кезінде іштің жабық жарақатын байқайды. Оған медициналық жәрдем көрсетіліп, ем-дом қолданылған.
Алайда 22 ақпан күні сағат 22.00-ге таман науқастың жағдайы нашарлай бастаған. Сол себепті Чапаев ауылындағы аудандық аурухананың хирургтер тобы шақырылды. Аурухана директоры, жоғары санатты хирург Алмас Жүнісбеков пен хирург Дәурен Құдесов іш қуысына ота жасады. Әйтсе де әріптестердің жәрдемі қажеттілік тудырады.
Ауа-райының күрт нашарлауы себепті облыс орталығынан мамандарды шақыру мүмкін болмады. Көмекке Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері, ота жасауда 14 жыл және медициналық авиацияда тәжірибесі бар, жоғары санатты хирург Сержан Есенгөбеков шақырылды. Чапаевтан әрі қарай боранға байланысты тас жол жабық болғандықтан, дәрігердің мақсатын білгеннен кейін патрульдік полиция батальонының екі қызметкері көліктерімен дәрігерді Тайпаққа жеткізген. Осындай бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде науқасқа 10 сағаттан астам уақыт бойы ота жасалды.
«Қазір ер адамның жағдайы ауыр, оны тасымалдау мүмкін емес, дегенмен жарақат салдарын жеңіп, өмір сүреді деген үміт бар», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.