18.10.2024, 9:45
Оқылды: 112

Жыл басынан бері облыстағы тұрғын үй секторларында 18 өрт болды

Былтыр жылу беру кезеңінде облыс аумағында 175 өрт дерегі тіркеліп, 4 адам қаза тауыпты. Ал биылғы жыл басынан бері тұрғын үй секторларында 18 өрт оқиғасы болған, онда бір адам жарақат алған. Бұл жөнінде жуырда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары турасында баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының басшысы Мереке Жұмағалиев айтты.

ТЖД

Тұрғын үйлерге жылу әр жылдың 15 қазанынан бастап берілетініне қарамастан, ТЖД қызметкерлері жылыту маусымына дайындықты алдын ала қолға алады. Олар жүйелі түрде әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен төтенше жағдайларға бейім тұрғын үйлерде жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мүндай секторлар департамент қызметкерлерінің жіті назарында.

– Тұрғындардың жылыту маусымында өрт салдарынан жарақат алып, қаза табуын болдырмау үшін, ең әуелі, тұрғын үйлерге газ датчиктерін орнату маңызды. Бүгінде жергілікті атқарушы құрылымдар мен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы отбасылардың баспаналарына өткен және биылғы жылы барлығы 362 датчик орнатылды. Бұдан бөлек демеушілер «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалымен бірлесіп, аталған үйлерге газ анализаторларын орнатуға көмектесті. 2023-2024 жылу беру кезеңінде есепке алынған 443 отбасының пәтеріне осындай 424 датчик орнатылды. Департаменттің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері еріктілермен және басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізуде. Бұдан бөлек төтеншеліктер білім беру ұйымдарында оқушылардың қатысуымен ашық сабақтар, өрт сөндіру бөлімшелеріне «Ашық есік» күндерін өткізді. Білім басқармасының қолдауымен ата-аналар чаттарында өрт қауіпсіздігі ережелерін көрнекі түрде түсіндіру мақсатында бейнероликтер таратылды, – деді Мереке Бауыржанұлы.

Аталған жұмыстардан бөлек департамент қызметкерлері Казталов. Шыңғырлау аудандарында және Ақсай, Орал қалаларында LЕD-экрандарда «Улы газдан сақтан!», «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыптарында үгіт-профилактикалық бейнероликтердің көрсетілімін ұйымдастырған. Улы және табиғи газбен улану деректерін алдын алу мақсатында ұялы байланыстың барлық абоненттеріне СМС-хабарламалар да таратылуда.

Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары түсіндірілетін түрлі науқандар өткізіп отырады. Қорытындылай келе, спикер төмендегідей ең басты өрт қауіпсіздігі талаптарын еске салды:

– үй-жайларда электр бұйымдарының артық жүктемесін болдырмау;

– балаларға пешті және газ құрылғыларын бақылауды тапсырмау;

– балаларды үлкендердің карауынсыз жалғыз қалдырмау;

– тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын қатаң сақтау;

– түтін мұржаларын уақтылы тазалау.

Аружан Болатбекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале