5.03.2024, 10:15
Оқылды: 86

БҚО-да жыл басынан бері 86 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам жарақат алған

Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Талғат Темірғалиев өңіріміздегі жылыту кезеңінің өту барысы туралы ақпарат берді. Баяндамашының сөзінше, аймақта жыл басынан бері 86 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам жарақат алған.

WhatsApp Image 2024-02-26 at 09.12.52

– Статистикалық мәліметке сүйенсек, өрт деректері көбіне тұрғын үй секторында орын алады. Биыл тұрғын үй секторында 46 өрт болып, ол жалпы өрт оқиғалары санының 53%-ын құрады. Ал жылу беру кезеңінде үй секторында 130 өрт оқиғасы орын алып, соның кесірінен 1 адам қаза тапты. Бұған қоса осы кезеңде тұрмыстық газбен улану деректерінің саны күрт артты. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында төтеншеліктер жылына екі рет үй секторын аралап, жұртшылықпен профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Мұндай шаралар шеңберінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар ерекше назарға алынады. Қазіргі уақытта департамент мамандары осы санатқа жататын 443 отбасын есепке алды. Үйлерді аралау кезінде 443 үйдің 352-сінде өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылғаны анықталды. Оның ішінде 166 бұзушылық аутономды жылыту жүйелеріне 219 бұзушылық электр желілері және электр жабдықтарын пайдалануға байланысты. Бүгінде жылумен қамтылған нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында, – дейді Талғат Айтжанұлы.

Төтеншеліктер тұрғындарды аман алып қалу үшін есепке алынған 443 отбасының үйіне газ датчиктерін орнатқан. Сондай-ақ төтенше жағдайларға бейім тұрғын үйлерге де ерекше көңіл бөлініп, осы уақыт аралығында 83 мыңнан астам үйге рейд жүргізілген. Бұған қоса жылу беру кезеңі басталмас бұрын «Жайықжылуқуат» АҚ мен «Ақсайжылуқуат» мекемелерінде тексеріс жүргізіп, нәтижесінде нысан басшыларына арнайы актілер толтырылған. Жалпы азаматтарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында ауқымды үгіт-насихат жүргізілуде. Мәселен, төлем туралы түбіртектерде өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт материалдарын орналастыру мәселесі қарастырылып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға 10000 дана жадынама табысталған.

Талғат Темірғалиев тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салып, тұрғындардан жылыту пештерін, газ қондырғыларын және электр жылыту құралдарын пайдалану кезінде барлық қауіпсіздік шарасын сақтауды өтінді.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале