Бүгін өңір басшысы Ғали Есқалиевтің қатысуымен жылыту маусымының өту барысы бойынша кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысында 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының тиісті деңгейде өтуін қамтамасыз ету шаралары және жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі туралы айтылды. Сонымен қоса аймақтағы облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығы туралы да сөз болды.
БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің айтуынша, облыс бойынша жылу беру 15 қыркүйекте өтінімдер бойынша, ал тұрғын үйлерге жылу беру 17 қазаннан басталған.
– Жылу беру басталғаннан кейін аталған кәсіпорындар дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде. Орал және Ақсай қалалары бойынша жылыту маусымына 1 324 көппәтерлі тұрғын үй, денсаулық сақтау бойынша 374 нысан, білім беру бойынша 615 нысан, мәдениет саласы бойынша 340 нысан дайындалды. Бүгінгі таңда барлық көппәтерлі тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар жылумен жабдықтауға қосылған. Облыс үшін қажетті көмір көлемі 2,3 мың тоннаны құрайды, ол 100% жеткізілді, - деді ол.
Өңірде 1 қараша мен 3 қараша аралығында қолайсыз ауа райына байланысты қалың қар жауып, екпінді жел 15-20 м/с күшейіп, таратушы электр желілерінде үзілістер орын алды. Аталған мекеме басшысы электр желілерінің әбден тозуына байланысты электрмен жабдықтаусыз 1 сағаттан тәулікке дейін Орал қаласында және облыстың 6 ауданында 7000 абонент, оның ішінде 3 тәулікке дейін 300 абонент жарықсыз қалғанын атап өтті.
– Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-нің 41 арнайы техникасы мен 101 жөндеу персоналы жұмылдырылды. Бұл жағдай арнайы машиналар паркінің тозуының, өндірістік персоналдың бос жұмыс орындарының рөлі қалпына келтіру жұмыстарының мерзімдеріне теріс әсер ететінін және авариялық ажыратуларды жою уақытын ұзартатынын көрсетті. Осыған байланысты «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-не арнайы техника алу мүмкіндігі қарастырылуда.
Сондай-ақ сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау желілеріндегі авариялық жағдайларды уақтылы жою үшін «Батыс су арнасы» ЖШС және «Жайықжылуқуат» АҚ үшін техника сатып алу мәселесі қаралуда. Бұл шаралар электрмен жабдықтау, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілеріндегі авариялық ажыратуларды жою бойынша уақытты қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Миржан Жанғазыұлы.
Облыс әкімі аталған мекеме басшысынан биылғы елді мекендерді газдандыру мәселесінің жоспар бойынша орындалуын сұрады.
Ағымдағы жылы өңірде 27 ауылды газбен қамту жоспарланған. Жоспарға сәйкес осы күнге дейін 15 елді мекенде газ жүргізу аяқталған. Қараша айының соңына дейін қалған 12 ауылды, оның ішінде Казталов ауданы бойынша сегіз ауыл, Жаңақала ауданы бойынша төрт ауылды газбен қамту жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуат Мусиннің сөзінше, электр желілік компаниясында бүгінгі күнде 152 қосалқы станция, 3 142 трансформатор бекеттері бар. 2022-2023 жылға дайындық жұмыстарына 707, 24 млн теңге бөлінген. Жоспарды орындау барысында қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстары толық аяқталған. 347 трансформаторлық бекеттерді жөндеу жоспарланған, оның 297-сі жөнделген, қалғанын жөндеу ай соңына дейін аяқталмақ.
Сонымен қоса жиын барысында «Жайықжылуқуат» АҚ басшысы Бақытжан Акимгужин мен «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Әнуар Аркенов аталған мекемелердің алдағы мерзімге дайындығы жөнінде баяндап, атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Жиын барысында жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі жөнінде БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов баяндады.
Департамент басшысының айтуынша, 2022-2023 жылғы жылу беру кезеңінде облыс аумағында қырық өрт оқиғасы тіркелген. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өрт саны 2,4 пайызға көбейген. Жылу беру және жылумен қамту обьектілерінде өрт қауіпсіздігін бақылау қарастырылған.
БҚО жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын 28 мердігерлік ұйым бар екенін атап өтті. Ұйымдар иелігінде қысқа қажетті 319 бірлік техника бар. Сонымен қатар тұрғындардың шағымдарын қабылдайтын сенім телефоны үздіксіз жұмыс жасайды.
Жиында өңір басшысы газбен қамту, жылу, су, электр жүйесі, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екенін айта келе, жауапкершіліктің жоғары болуы керектігін еске салды.
– Қыспен бірге бәріміз үшін қауырт жұмыс басталады. Қыс мезгілінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Техникамыз жеткілікті болуы керек. Егер техника қажет болған жағдайда сұраныс қаралады. Газбен қамту, жылу, су, электр жүйесі, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бәріміз білеміз, инфрақұрылым ескірген, бәріне тиісті қаражат жеткіліксіз. Бірақ ол біздің жауапкершілігімізді азайтпайды. Сондықтан бір-бірімізбен байланыста болып, бір бағытта жұмыс істеп, жылыту маусымын жақсы деңгейде өткізуіміз керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, коммуналдық кәсіпорын басшылары бірлесе отырып, жылыту маусымының үздіксіз өтуін, сонымен қатар апатты жағдайлардың орын алуын алдын алуды қамтамасыз етсін. Коммуналдық кәсіпорын басшылары коммуналық желілерде апаттық жағдайлар орын алған кезде халықты ақпараттандырудың пысықталған схемаларына сәйкес хабарландыруды қамтамасыз етулері қажет, - деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Биылғы облысымызды газдандыру жоспары жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Бұл өңірдегі барлық елді мекендерді қоса алғанда 99,8 пайызға газға қосылатынын көрсетеді.
Сонымен бірге жиында облыс тұрғындарының «Жайықжылуқуат» мекемесіне 600 млн.-дай бережағы бар екені, осы мәселемен толығырақ халықты хабардар ету жайы айтылды.
Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz