26.03.2025, 16:30
Оқылды: 37

БҚО-дағы ұшқышсыз аппарат апаты: Қорғаныс министрлігі халықты алаңдамауға шақырды

Батыс Қазақстан облысы аумағында ұшқышсыз ұшатын аппараттың не себепті құлағанын анықтайтын тергеу қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев мәлім етті, - деп жазады KAZINFORM.

8b91c3a4-cedb-49c9-8179-63516588335e

Сурет: kaz.inform.kz

— БҚО-дағы ұшқышсыз ұшатын аппараттың құлау фактісі бойынша құзыретті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеуден Қорғаныс министрлігі де тыс қалған жоқ. Әуе қорғанысы әрқашан біздің қарауымызда. Тергеудің қорытындысы бойынша қажет болса, қосымша іс-шара қабылдаймыз. Мүмкін техникалық ақау болып, сыртқа шығып кеткен шығар, басқа да себеп болуы мүмкін. Тергеу аяқталғанша, нақты айта алмаймыз, — деді Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Осы орайда министрдің орынбасары халықты алаңдамауға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін айтып сендірді.

— Ұшқышсыз ұшатын аппараттың нақты не себепті құлағанын тергеу қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз. Тергеумен ресми құқығы бар органдар айналысып жатыр, Қорғаныс министрлігі де айналысып жатыр, — дейді ол.

Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі БҚО-дағы ұшқышсыз аппарат апатына қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.

Еске сала кетсек, биыл ақпанда БҚО аумағына ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас зат құлады.

Кейін Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас заттың табылуына байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале