Кеше Оралдағы Сырым Датов көшесі 41а мекенжайында газ баллонынан жарылыс болды.
Фото: БҚО ТЖ департаментінен
«Ел ырысы» базары аумағында болған жарылыста 10 адам зардап шеккен.
- Қазір ҚР қылмыстың кодексінің 292-бабының «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Газ баллонының қайдан толтырылғаны да әзірге белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты сараптама тағайындалды, - деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатта БҚО ТЖД-ның анықтау бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Әлішер Рафих.
Апаттан соң үш адам дәрігерлерден көмек алып, үйлеріне жіберілген.
Зардап шеккендердің жасы 27 мен 67 жас аралығында. Олардың арасында кәмелет жасына толмаған екі ер бала бар.
- 09:49-да облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының «103» нөміріне С.Датов көшесі бойындағы «Ел Ырысы» базарында жарылыс болғаны жөнінде хабарлама түсті. Оқиға орнына бес жедел медициналық жәрдем бригадасы барды.
Қазір үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың біреуі – жасөспірім. Қалған төртеуі политравма бөлімшесінде ем алып жатыр. Айта кетейік, екі бала көпбейінді облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер бақылауында, - делінген БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген хабарламада.
Еске сала кетсек, қаңтар айында қаладағы дәмхананың бірінде жарылыс болып, үш адам қаза тапқан еді.
zhaikpress.kz