21.11.2025, 12:00
Оқылды: 89

БҚО экономикасына 566,6 миллиарда теңге инвестиция тартылды

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясы өтті. Жиында облыс әкімінің есебі тыңдалып, мәслихаттың өзгерістер енгізілген бірқатар шешімі қабылданды. 

DSC09194

Облыс әкімінің есебін баяндаған өңір басшысының орынбасары Тілепберген Каюпов былтыр экономиканың барлық саласында тұрақты өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Биыл да осы оң динамиканы қамтамасыз ету үшін жұмыс жалғасып жатыр.

– Облыс экономикасына 566,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында былтыр 104 млрд теңгеге 21 инвестжоба іске қосылып, 597 жаңа жұмыс орны құрылды. 2025-2030 жылдарды жалпы құны 4,4 трлн теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 73 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде тек 2025 жылдың өзінде құны 56,9 млрд теңгеге тең 35 жоба іске қосылады. Жыл басынан бері құны 5,8 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асты, – деп баяндаған облыс әкімінің орынбасары өңірдің әр саласында атқарылып жатқан жұмысқа  тоқталды.

Бүгінде Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға басымдық беріп отыр. Ол үшін шикізатқа тәуелді болмай, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығару қажет деді. Мәселен, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі – 3,1 трлн теңге. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 303,5 млрд теңге. Бұл 16,9 пайыз өсім деген сөз. Өңдеу саласының өнеркәсіп өніміндегі үлесі 2024 жылы 8,3% болса, биыл 9,8%-ға жеткен.

Тілепберген Ерсайұлының айтуынша, биыл агроөнеркәсіп кешеніне 52,2 млрд теңгеге жуық қолдау көрсетілген. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдарына 21,4 млрд теңге субсидия, 30,8 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие беріліпті. Бұл салада  биыл 15,4 млрд теңгеге 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қа-зірдің өзінде жалпы құны 9,2 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылған. Батысқазақстандықтардың сүт және сүт өнімдеріне қажеттілігі – 112 мың тонна. Ал өңір кәсіпкерлері 25 мың тонна сүт өндіріп отыр. Сүт және сүт өнімдерімен қамтуды 22,3%-дан 39%-ға арттыру жоспарда тұр.

Облыста  барлық ауыл шаруашылығы дақылының егіс алқабы – 640 мың гектар. Күзгі науқанда дәнді дақылдардан 365 мың тонна астық жиналып (12,8 ц/га), майлы дақылдар алқабынан 104 мың тонна өнім алынған (7,8 ц/га). Сонымен қатар 44,0 мың тонна картоп, 27 мың тонна көкөніс, 21,3 мың тонна бақша өнімдері жиналды.

Тілепберген Ерсайұлы су мен жерді пайдалану мәселесіне де тоқталды. Мәселен, былтыр суармалы жер көлемі 10 160 гектар болса, биыл 12 441 гектарға дейін артқан. Оның 11 712 гектары – су үнемдеу (жаңбырлатып және тамшылатып суару) технологиялары қолданылатын, қалған 729 гектар – арық арқылы суарылатын алқап. Өңірде 50 гидротехникалық құрылымның 25-і жөндеуді қажет етеді. Облыстағы жайылымдық жерлердің көлемі – 6 млн 188 мың гектар.  Бұл жерлерге 60% артық жүктеме түсіп отыр. 2022 жылдан бері  747 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 1317 жобаға 9,4 млрд теңге несие берілді. Оның ішінде 1229 жеке кәсіпкер мен 88 кооператив несие алды. Нәтижесінде 1604 жаңа жұмыс орны құрылып, бағдарламаға қатысушылардың табысы 83 мыңнан 181 мыңға артты (117%). Биыл 5,5 млрд теңге жоспарланып, қыркүйек айында бұл қаражаттың 2,2 млрд теңгесі бөлінді. Бүгінгі күнге оның 700 млн теңгесі игеріліп, 116 жаңа жұмыс орны құрылды. Былтыр осы жоба аясында өндірілетін өнімдерді «ҚПО  б. в.» компаниясына өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде сүт өнімдері – 8,8 тонна, жұмыртқа – 3 млн 771 мың дана, ет – 168 тонна және көкөніс – 486 тонна, жалпы 856 млн теңгеге өнім тапсырылды. Жыл соңына дейін ҚПО-ға 207 млн теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспарда бар. «Қаладан ауылға» өңірлік жоба аясында 195 отбасы (985 адам, оның 600-і бала) ауылдық елді мекендерге қоныс аударып, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді. 216 адам жұмысқа орналасты, – деп баяндады облыс әкімінің орынбасары.

Облыста көлік-логистиканы дамыту да назардан тыс қалмаған. Транзиттік әлеуетті арттыру үшін Қазақстан – Ресей шекарасындағы аутокөлік өткізу бекеттерін жаңарту басталды. Биыл «Сырым» өткізу пункті реконструкцияланып жатыр. «Тасқала» өткізу пунктін жаңарту келесі жылға жоспарланған. 2023-2024 жылдары облыста «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 172 млрд теңге бөлінген. Барлық деңгейдегі 1000 шақырымнан астам жол жөнделді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізіліп, 81,7 млрд теңге жұмсалды. 2024 жылдан бастап Хан ордасы ауылының 21 шақырым кіреберіс жолы жөнделуде. Жоба құны – 2 млрд теңге. Биыл облыс аумағында 86,8 млрд теңгеге 492 шақырым жолды жөндеу жоспарланып, 441 шақырымы жөнделді. Қазір облыста бұл салада 6 ауқымды жоба іске асып жатыр. Облыста «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның есебінен жалпы 8,1 млрд теңгеге 4 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.

Тілепберген Ерсайұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй және әлеуметтік салалардағы елеулі жұмысты баяндады. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген жылумен жабдықтау нысандарына 2023-2024 жылдары 5,1 млрд теңге бөлінген. Төрт жоба іске асқан. Қазір №2 жылу магис-тралды құбыры жөнделуде. Энергетика саласында былтыр 8,0 млрд  теңгеге 4 жоба аяқталды. Орал қаласындағы жылу электр орталығындағы 20 жылдан бері жөндеу көрмеген №1 турбоагрегат жаңартылды (3,6 млрд теңге). Нәтижесінде стансаның қуаты 12 МВт-қа артты. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2024 жылы 750 млн теңгеге  5 ауданда электр желілерін жаңғыртатын 6 жоба басталып, 4 жоба аяқталды. Қалғандары жыл соңында бітуі тиіс. 2025 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 20 млрд теңгеден астам қаражатқа 9 жоба жүзеге асырылуда. Яғни су, жылу, су бұру жүйелері және бағаналар мен кешенді трансформаторлық қосалқы стансалар жаңартылады. Бұдан басқа, инженерлік желілерді дамытудың жол картасында 2030 жылға дейін 545 млрд теңгеге 152 жоба қарастырылған.

Облыста 2023 жылдан бастап тұрғын үй құрылысына 44 млрд теңге бөлінген. 131 мың шаршы метр баспана, яғни 1449 пәтер халық игілігіне берілді. Оның ішінде 11 көпқабатты тұрғын үй және елді мекендерде 47 баспана бой көтерді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 1007 пәтер сатып алынды. Былтыр өңірде 3035 отбасы баспаналы болды. Соның 1642-і пәтері ауылдардағы үйлерге тиесілі.

Былтыр 35 мыңнан астам тұрғыны бар 20 ауылға су құбыры тартылды. Бөлінген қаражат –  5,7 млрд теңге.  Өңір халқының 98,6 пайызы таза ауыз су ішіп отыр. Енді шамамен төрт мың адам тұратын ауыз суға зәру 15 елді мекенге су жеткізу үшін 14 жоба қолға алынбақ. Бұған қоса, тағы 40 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылуда. Ол үшін 8,9 млрд теңге бөлінді.

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлының мәліметінше, облыста жұмыс істеп тұрған 59 мың шағын және орта кәсіпкерлік бар. Бұл салаға 2023-2025 жылдары 7,0 млрд теңге бөлініп, 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Қазір оларда 122 мың адам жұмыс істейді. Биылғы І жартыжылдықта ШОБ өндірген өнімдердің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 12%.

Президенттің Жолдауында айтылған маңызды бағыттардың бірі – адам капиталын дамыту да ұдайы назарда. Биыл өңірде 4 мектеп салынып жатыр. «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялар есебінен жеті шағын жинақты мектептің құрылысы жоспарланған. Қазір Ақжайық ауданының Үштөбе ауылында жеке кәсіпкердің қаражатына 60 орындық шағын жинақы мектептің құрылысы жүруде. Жоба ауыспалы болғандықтан, 2026 жылы аяқталады. Жалпы 2025-2027 жылдары облыста 86 мектеп
(2025 ж. – 6, 2026 ж. – 33, 2027 ж. – 47) күрделі жөнделеді.

Қазір облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,7% болса, жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,6%. Былтыр жүзеге асқан өңірлік жұмыспен қамту картасының нәтижесінде 30 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны былтырғымен салыстырғанда 16,3%-ға төмендеген, барлығы – 1314 отбасы.  2023 жылдан бері облыста 52 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны пайдалануға берілген. Ал Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалардың құрылысы басталды.

Сессия отырысында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Мемлекет басшысының жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мәселелерді цифрлық өзгерістер арқылы шешу жө-ніндегі тапсырмасына тоқталды. Осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Мысалы, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында тәулік бойы «iKOMEK109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы бұл колл орталыққа жасанды интеллект функциясын қосу қарастырылып жатыр. Болашақта тұрғындардан келіп түсетін қоңырауларға робот аутоматты түрде жауап бермек. Яғни азаматтар сұрағына жедел жауап алады.

– Қауіпсіздік үшін бейнебақылау жүйесін кеңейту аясында биыл Орал қаласында жасанды интеллект (ЖИ) функциясы бар 300 бейнекамера орнатылуда. Орман өртінің алдын алу және өртті ерте анықтау мақсатында ЖИ функциясымен 10 бейнекамера орнатылды. Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, шаһардағы №2 емханада халыққа аутоматты түрде қоңырау шалатын жаңа жүйе енгізілді. Қоғамдық көліктерде электронды жолақы төлеу жүйесі жұмыс істейді. Жер қатынастары саласында геоақпараттық порталы іске қосылды. Ол мақсатқа сай пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтауды, ауыл шаруашылығы жерлерінің дұрыс пайдаланылуына бақылау жүргізуді көздейді. Ауыз суды тұтынуды есепке алу және су беру қызметтерінің құнын субсидиялауды аутоматтандыруға арналған жоба да бар. ІТ қауымдастығымен бірлесіп, Astana Hub технопаркінің «Орда» бағдарламасы аясында 2022 жылы ІТ Hub бағдарламалау мектебі ашылды. Төрт жыл ішінде Astana Hub халықаралық технопаркі бұл мектепке 61 грант бөлді. Осы гранттар есебінен 58 жас білім алып, қазір сол салада жұмыс істеп жүр. Биыл ІТ Hub бағдарламалау мектебіне 20 грант бөлініп, қарашада студенттерді оқыту басталды. Олар оқуды аяқтаған соң сертификаттар беру және жергілікті ІТ компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастырамыз. Бюджетті жоспарлау, бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ облыстың стратегиялық жоспарлау үдерісін цифрландыру арқылы «Oral365» ақпараттық жүйесі енгізілді. Қала көшелерінде өңірдің көрікті жерлері мен сауда орындары жөніндегі мәліметтерді офлайн сипатта көрсететін екі инфокиоскі бағдарламалық-интерактивтік кешені орнатылды. ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Smart city» тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын ақылды қалалардың рейтингін шығарады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Орал қаласы 78,3 пайызбен үздік бес қаланың қатарынан көрінді. Туризмді дамыту мақсатында жасанды интеллектке негізделген Жәңгір хан бейнесін цифрландырып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына орналастыру 2026 жылы басталады. Келесі жылы отырыс хаттамаларын аутоматтандыру үшін жасанды интеллект арқылы жүргізілетін хаттама-ақпараттық жүйесі облыс және Орал қаласының, аудан әкімдіктеріне қосылады, – деді  облыс  басшысы.

Нариман Төреғалиұлы айтып өткендей, өңірдегі 405 елді мекеннің 355-і интернетке қосылған. Биыл жоспарланған 282 ауылдың ішінде 16 ауыл мен «Сырым» және «Тасқала» аутомобиль өткізу бекеттерінде жаңа базалық стансалар орнатылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін облыста 220 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық аутомобиль жолдары жеті антенна-діңгекті құрылғысымен қамтылады. Халық саны 50-ден төмен 19 ауылға интернет жеткізу үшін спутниктік станса орнатылады. Өңір басшысы әр салада цифрландыру жүріп жатқанын айтты. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі де көрініп тұр деді.

Бұдан соң сессия отырысы сұрақ-жауаппен жалғасты. Мысалы, депутат Борис Лаврентьев жыл соңына де-йін жеке мектептерді қаржыландыру үшін қаражат бөлу жағын қарастыруды сұрады. Ол «Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназия» КММ-ның 15 жылдан бері №3 мектеппен бірге бір ғимаратта отырғанын айтып, жаңа ғимарат салу мәселесін көтерді. Сонымен қатар сессияда жеңілдетілген салық декларациялары үшін арнайы салық режімі мөлшерлемесін көтеру немесе төмендету мәселесі талқыланды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Балтабеков келесі жылдан бастап жеңілдетілген салық декларациясы үшін арнайы салық режімінің мөлшерлемесі 4% болады деді. Бірақ жергілікті мәслихат мөлшерлемені 50%-ға көбейтуге немесе азайтуға құқығы бар екенін атап өтті. Облыс басшысы бұл мәселені әлі де зерттеп, кейін шешім қабылданатынын жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – ортақ міндет. Өңір экономикасын әртараптандыруға басымдық беріледі. Қалада қытайлық инвесторлармен үлкен логистикалық хаб саланады. Жалпы бір ғана кон-сорциумның аясында 14 зауыт ашылады. Субвенция қысқарса да, келіп  жатқан инвесторлардың арқасында салық та көбейеді, жұмыспен қамту мәселесі де шешіледі. Шетелдік компанияларды жергілікті кәсіп-орындармен бірлестіріп жатырмыз. Себебі бұл екі жаққа да тиімді. Қазір қаладағы ауыз суды тазарту жөнінде шешім қабылдадық. «Красная звезда» компаниясы суды тазартуды бастайды. Сол кезде бір-екі айдай су лай болуы мүмкін. Бірақ кейін су тазартылып, үйде фильтр ұстаудың қажеті болмайды. Осындай ілкімді істерді жалғастыра береміз. Жұмыс сапарымен келіп кеткен Үкімет басшысы, әсіресе энергетика саласында атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді. Бұл – сіздердің, бәріміздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі, – деп сессияны қорытындылады өңір басшысы.  Қос ел арасында өткен өңіраралық ынтымақтастық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сессия отырысында облыс әкімінің есебі туралы мәслихат шешімі, мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізіліп, өзге де бірнеше шешім  қабылданды.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Фото авторы: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале