21.04.2021, 10:35
Оқылды: 50

БҚО филармониясы елордамен байланысты нығайтпақ

20 сәуір күні елорда төрінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы арасында шығармашылық әріптестік қатынасты нығайту мақсатында екіжақты келісім меморандумына қол қойылды.

ф1

Шара басында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының директоры Ерлан Ерғазыұлы Ақ Жайық өңірінен келген әріптестеріне тілегін жолдап, меморандум маңыздылығын атап өтті.

Одан соң БҚО филармония директоры Асхат Тарасұлы сөз сөйлеп, болашақта екіжақты меморандум аясында Ақ Жайық пен Арқа өнерінің жаңа тынысының ашылып кеңеюіне серпіліс болатындығын жеткізді.

ф2

Салтанатты шарадан соң Асхат Тарасұлы 2020 жылы өткен Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығы мен Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 20 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Айтқали Жайымовты, бұрын Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасын басқарған, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында қызметте жүрген Дәулеткерей Құсайынов пен Қадырболат Мұсағалиевты марапаттап, естелікке "Бапас" партитуралар жинағын табыс етті.

ф3

Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы бас директорының орынбасарлары, бөлім басшылары және өнер ұжымдарының көркемдік жетекшілері, БҚО филармониясы ұжымынан директордың шығармашылық жұмыстары жөнінде орынбасары Абдул Рахметов, филармонияның көркемдік жетекшісі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Еркін Өтегенов, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, "Құрмет" орденінің иегері, мемелкеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, ҚР "Мәдениет саласының үздігі" Еркін Нұрымбетов қатысты.

 

Ертай Бимұханов,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале