31.03.2021, 17:29
Оқылды: 1056

БҚО филармониясы "Өткен жылдар ізімен" атты фильм-концерт түсірмек

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ақпарат бөлімінің жетекшісі Олжас Сейтимовтың айтуынша, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның бастамасымен "Өткен жылдар ізімен" атты фильм-концерт түсіру жоспарланып отыр. 

фил

Қазіргі таңда фильм сценарийі жазылып, толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыс – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, өнердің қара шаңырағы облыстық филармонияның 55 жылдығы шеңберінде халық назарына ұсынылмақ үлкен жоба.

Жобаның басты мақсаты – киелі өнер ордасының өткені мен бүгініне шолу жасау, гастрольдік сапарлардан әншілердің, өнер өкілдерінің алғашқы орындаған әндері, сол кездегі іске асырылған үлкен деңгейдегі шараларды көрсету болып табылады.

Сонымен қатар фильм-концерт арқылы филармония 1966 жылы құрылған кезден бастап қазіргі кезге дейін жұмыс жасаған ардагерлер мен өнер майталмандарының естелік әңгімелерін халыққа боямасыз ұсынуды көздеп отыр.

Бұл жобаға ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері Сәуле Таудаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова сынды мәдениет майталмандары қатысады.  Филармония директоры Асхат Қажғалиевтің пайымдауынша, фильм ұрпақтар сабақтастығы, өткенге көз жүгірту арқылы бүгінгі күнді саралайтын, тарихтан өнеге алып, өнердің алға қарай дамуына ықпал жасайтын құнды бейнематериал болып, халық жадында мәңгі мұра боп қалатын жоба деп есептейді.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр филармония ұжымы көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай "Жалынды жыр иесі – Жұбан ақын" атты фильм-концерт түсіріп, филармонияның youtube арнасы арқылы көпшілікке ұсынған болатын. Биыл да үрдіс қолға алынбақ фильм-концерт арқылы жалғасын таппақ.

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале