Өңірге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімдігінде шаруа қожалықтары өкілдері және сала мамандарымен өткен кездесуде ол ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді талқылап, фермерлердің ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу барысында вице-министр ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтып берді. «Ауыл аманаты» жобасы іске асырыла бастағаннан бері аталмыш жобаға 8,9 млрд теңге бөлінгенін, оның 7,9 млрд теңгесі игерілгенін атап өтті. Жоғарыда сөз болған жобаны жүзеге асыруға 1108 шағын несие берілген және 1299 жұмыс орны ашылған. Былтыр жыл аяғында республика бойынша 258 жобаны жүзеге асыруға 250,6 млрд теңге бөлініп, оның 15,4 млрд теңгесі Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан 11 жобаға аударылған.
– 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 31,8 млрд теңге бөлінді, биыл 40,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаржыландыру мен өндіріс құралдарының қолжетімділігін арттыруға қатысты отандық минералдық шикізат өндіретін кәсіпорындар тікелей субсидияланатын болады, – деді Ербол Тасжүреков. Сонымен қатар вице-министр ауыл шаруашылығы саласында енгізілген өзгерістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететінін атап өтті. Бүгінгі таңда ел аумағында 190 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар, олардың саны жыл өткен сайын артпаса кемімейді.
Е. Тасжүреков Мемлекет басшысы агротехникалық және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, сапалы тыңайтқыштарды қолдану, жабдықтарды жаңарту деңгейін арттыру, сондай-ақ мал шаруашылығын, атап айтқанда, мал басын асылдандырып, өнімділігін арттыру жөнінде міндеттер қойғанына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында облысымыздағы оңтүстік аудандардың тұрғындары облыс әкімдігіне жемшөп дайындауда айтарлықтай қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Аграрийлердің айтуынша, өңірде мемлекеттік қолдау шараларының арқасында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда, әсіресе сүт және ет өңдеу саласында оң үрдіс байқалады. Сонымен қатар олар субсидиялау мен өнімді экспорттауға байланысты бірқатар мәселелерді сөз етті. Аймақта киік көп қоныстанғаны белгілі. Бүгінде дала еркесі оңтүстік аудан тұрғындарының өзекті мәселелерінің біріне айналды. Көктемде киіктер саны 8 млн-ға дейін өседі деп күтілуде, ал ресми мәліметтер бойынша олардың саны 3,5 миллионды құрайды. Киік жайылымын қоршау мәселесі бойынша вице-министр шаруаларға жайылымдарды қоршауға және шабындық көлемін арттыруға көмек көрсетілетінін, шығындарының 50%-ы облыстық бюджеттен жабылатынын айтты. Сонымен қатар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің санын реттеу бойынша шаралар қабылдап жатқанын да вице-министр атап өтті. Жиынға келген шаруалар жеңілдетілген несие алу мәселелері жайында да сауалдарын қойды. Ербол Тасжүреков «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп тұрған бизнесті дамыту үшін және шағын несиелер алу жолдарын түсіндіріп, фермерлерді мазалаған мәселелер бойынша мұқият зерттеу жүргізіп, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Жиын соңында бір топ шаруа қожалық басшыларына арнайы медаль-төсбелгілер табысталды. Айта кетсек, Аманғали Бөкенбаевқа «Еңбек ардагері» медалі, Әміржан Бекенов пен Юрий Құсмановқа «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Мәлік Көшербаевқа «Үздік фермер» төсбелгісі табысталды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz