19.07.2018, 14:18
Оқылды: 56

БҚО-ға импортталған өнімдердің 87% талапқа сай емес  

Zhaidar KurmanovӨңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов  облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде баяндады.


Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп есептеліп отыр. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, тамақтан улану 18,3 ретке, скарлатина 33,3, алғаш рет анықталған созылмалы  вирусты гепатит 11,6, энтеробиоз 24,6, описторхоз 31,6, педикулез 27,7, ал бруцеллез аурулары 23,3 пайызға төмендеген.

Керісінше Зеленов ауданы мен Орал қаласында бүйрек синдромы геморрагиялық қызбаның 3 жағдайы тіркелген. Биыл облысқа бүйрек синдромы геморрагиялық қызбасы бойынша жағдайы нашар елді мекендерге аталмыш ауруға тосқауыл қою шараларын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 18 617 000 теңге бөлінген.

Алты әкімшілік аумақтан 23 адам бруцеллез ауруына шалдыққан. Науқастардың барлығы бұл дертті  ауру малды күтіп, баптау кезінде жұқтырған.

Спикердің айтуынша, облыстағы өзекті мәселенің бірі - ата-аналардың балаларының екпе алуына қарсылық білдіруі. Бүгінде ата-аналардың әр түрлі себептер айтуымен  1072 бала екпе алмаған.

Тағам өнімдерін шығаратын нысандарды тексеру кезінде микробиологиялық зерттеуге 254 сынама алынып, 18 сынамадан сәйкессіздік анықталған екен. Бұзушылықтарға 48 әкімшілік қаулы шығарылып, 1 млн 394 мың теңге шамасында айыппұл салынған. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудыратын 33 адам жұмыстан шығарылып, 40 ұйғарым берілген.

Жайдар Бисембайұлы айтып өткендей, тұрғындар көп тұтынатын 1795 азық-түлік пен азықтық емес тауарларға санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілген. Сараптама нәтижесінде тауарлардың 14 пайызынан сәйкессіздік анықталған. Атап айтқанда, отандық өндірушілердің өнімдерінің 13,3 пайызы, ал импортталған өнімдердің 87 пайызы сәйкес емес өнімдер болып шыққан. Бұл сәйкессіздіктер, негізінен, Ресейдің сүт өнімдері мен құс еті тағамдарынан  анықталып отыр.

Жалпы, облыс аумағында оба, туляремия, күйдіргі және бүйрек синдромды геморрагиялық қызба сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Олар шамамен облыстың жарты аумағын алып жатыр. Сондықтан да бұл жерлер құзырлы құрылымдар тарапынан тұрақты мониторинг жасап, ұдайы назарда ұстауды талап етеді.

Ясипа РАБАЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале