20.04.2018, 15:25
Оқылды: 50

БҚО-ға келген Денсаулық сақтау министрі мамандармен кездесті

1Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ең алдымен ат басын №3 қалалық емханаға бұрды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге емхананы аралап, дәрігерлермен сөйлескен министр цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. 

Соның ішінде электронды кезек жүйесі, «Пациент кабинеті» мобильді қосымшасы қалай іске асып жатқандығын көріп, медицина қызметкерлерімен пікірлесті.

-Жалпы электрондық кезек жүйесін қолданудың түк қиындығы жоқ. Ол үшін науқастың жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін мониторға жақындатамыз. Сол кезде мониторға пациент туралы мәліметтер шығады,-дейді өз жұмыстары туралы министрге түсінік беріп жатқан мамандар. Кездесу барысында министр науқастардың қал-жайын сұрауды да ұмытпады.
Одан кейін денсаулық сақтау министрі облыстық клиникалық ауруханада болып, қағазсыз құжат толтыру және триаж жүйесі бойынша жүріп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы - қағазсыз құжат толтыру процесінде пилоттық жобаны іске асыратын алаң.

2Сондықтан денсаулық министрі осы бағытта жүріп жатқан жұмыстарға баса назар аударды. Әсіресе, науқастарға жедел қызмет көрсету мақсатында жүрігізіліп жатқан триаж жүйесінің өз ерекшелігі бар.
Едендегі қызыл, сары, жасыл жолақтар науқастың қай топқа жататындығынан хабар береді. Мәселен, қызыл түс - ауыр дәреже, сары түс- орта дәреже, жасыл түс -тексеріліп, көмек көрсетілетін дәрежедегі науқастар екендігін білдіреді. Бұл жүйе бойынша науқастарға бірнеше дәрігер шұғыл көмек көрсетеді.

-Пациент туралы электронды жазудың тиімділігі көп, уақыт кетпейді. Тез-тез толтырып, науқастың өзімен көбірек сөйлесуге уақыт болады. Ең бастысы - науқас туралы барлық мәліметтер базада тұрады. Бұрынғыдай қағаз ақтарып отырмаймыз. Науқастың қабылдау бөлімшесіне шағым айтып келгеннен, ем алып немесе ота жасалып, ауруханадан шығып кеткенге дейінгі аралқтың бәрі электронді толтырылады, -дейді электронды жұмыстың тиімділігін айтқан ауруханадағы мамандар.

4Сәулелік-диогностика бөлімшесінде магниттік-резоностық томогафияның жұмысы туралы баяндаған мамандар күніне он екі- он жеті адам қарайтындығын, бір адамды тексеруге жарты сағат уақыт кететіндігін айтты. Осы тұста облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа МРТ аппараты алынатынын жеткізді. Екі бірдей денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысымен танысқан денсаулық министрі электронды құжат айналымына көшу, пациенттердің онлайн тіркелуі мен терминал арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу жүйесі мәселелеріне баса назар аударды.

-Медициналық қызмет - сапалы әрі тез, кез келген тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында пилоттық жоба қолға алынды. Қазіргі күнде медициналық ұйымдар қағазсыз құжат толтыруға көшуде. Жобаның басты мақсаты - қызмет сапасын арттырып, пациенттерге жағдай жасау. Дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында ілгерілеушілік байқалады. Одан бөлек, жедел жәрдем қызметінің де талапқа сай болуы маңызды. Елімізде көптеген адамдар жазатайым жарақат алып, жедел дәрігер көмегіне жүгініп жатады. Өкінішке орай, осы тұрғыда кейбір көрсеткіштер басқа мемлекетттерге қарағанда төмендеу. Осындай шұғыл жағдайда жедел жәрдем көлігінде науқасқа бірінші сағаттарда дұрыс көмек берілуі тиіс. Сондықтан да еліміздегі барлық облыстық ауруханалардың қабылдау бөлімшелері жаңғыртылып, триаж жүйесіне көшірілуде. Айта кететін жайт, өзге өңірлермен салыстырғанда Батыс қазақстан облысының денсаулық сақтау бағдарламасының индикаторлары жоғары. Мәселен, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері төмен, науқас саны үнемі бақылауда. Денсаулық саласындағы инвестиция көлемі де жыл сайын өсіп келеді, -деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал өңірі»

Фото Айбатыр Нұраш

5 6 7 8 9 10 11 12 13 16 17 19 21 22 23

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале