Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов облыс әкімдігінің «Астана» залында кеңес өткізді. Онда алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің баяндауынша, өткен жылыту маусымы қалыпты жағдайда өткен. 2024 – 2025 жылдардың жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 16,5 млрд теңге бағытталып, 1077 шақырымнан астам инженерлік желіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
– Енді 2025-2026 жылдардың жылыту маусымына дайындыққа 14,2 млрд теңге қаражат бағытталды. Бүгінгі таңда инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 35 864 км және орташа тозу деңгейі 51%-ды, электр желілерінің тозу деңгейі 78%-ды құрады. Соңғы 5 жыл ішінде осы көрсеткіш 5%-ға төмендеді. Төменгі деңгейдегі газбен жабдықтау желілерінің тозығы 36% шамасында. Алдағы 2025 – 2026 жылдардың жылыту маусымына электрмен жабдықтау жүйелерін дайындауға 6,9 млрд теңгеге 998 шақырым электр желілерін, 22 бірлік қосалқы станса және 164 бірлік кешенді трансформаторлық қосалқы стансасын жөндеу және салу жұмыстары жоспарланды. Қазіргі кезде бюджет қаражаты бойынша 3,1 млрд теңгеге электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, 65%-ға орындалды, – деді Б. Мусин.

Баяндамада айтылғандай, бюджет қаражаты есебінен 4,8 млрд теңгеге Ақжайық шағынауданында 146 шақырымды құрайтын тарату электр желілерін салу, Шыңғырлау, Хан Ордасы және Приурал ауылдарында электр желілерін қайта құру жобалары аяқталуда. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама бойынша 1,5 млрд теңгеге түрлі кернеу класындағы 709 шақырым электр желілері, 22 қосалқы станса және 164 кешенді трансформаторлық қосалқы стансасы жөнделді. Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 595 млн теңгеге Жанама, Покатиловка ауылдарында 35/10 кВ қосалқы стансасын және Орал қаласында кабельдік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы табиғи монополиялар субъектілері бойынша жұмыстар 72%-ға орындалды.

Биыл газ желілерін жөндеу жұмыстарына барлығы 36,2 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 5 ауданды қамтитын «Ростоши-Тайпақ» газ құбырында жыл сайынғы орын алатын апаттық жағдайды жою мақсатында «Ростоши-Тайпақ газ құбырын қайта құру» жобасы жасақталды. Осы жобаны іске асыру үшін респубикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Батыс Қазақстан өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында 649 млн теңгеге 4,8 шақырым «Ростоши-Тайпақ» газ құбыры 100%-ға жөнделді. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның күрделі жөндеу жоспарына сәйкес 32,1 млрд теңгеге жоғары қысымды 17,3 шақырым газ құбырын жөндеу жүргізілуде.
Алдағы жылыту маусымына жылумен жабдықтау жүйелерін дайындауға 10,5 млрд теңгеге 9,4 шақырым жылу желілері мен негізгі жабдықтарды жөндеу жоспарланды. Бұл күндері 7,7 шақырым жылу желісі жөнделді және жұмыстың орындалуы 82%-ы құрайды. Бюджет қаражаты есебінен 9,9 млрд теңгеге ұзындығы 7,8 шақырымды құрайтын №2 жылу магистралін жаңғырту аяқталуда. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама арқылы жүзеге асатын бірқатар жоба бар. Олар 331 млн теңгеге 5,5 км жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізілуде, бүгінгі күні 5,2 шақырым жөнделген, яғни орындалуы 95%. Ақсай қаласының №23 үйдің қазандығын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ұлттық жоба аясында жалпы шамасы 301 млн теңгені құрайтын Круглоозерное және Зашаған кентіндегі жаңа блокті модульдік қазандықтарды салу жұмыстары 30%-ға орындалды. Жылыту маусымына облыс бойынша жалпы 1410 әлеуметтік нысан мен 2041 көпқабатты тұрғын үй дайындықтан өткен.
Жиында денсаулық сақтау, мәдениет және білім бері, спорт салалары нысандарының қысқа дайындығы жайы жан-жақты талқыланды. Биылғы оқу жылы басталуына санаулы күндер қалғанымен 7 білім ұясының ғимаратында құрылыс жұмыстары әлі жүргізілуде. Дайын емес мектептер Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Сырым, Шыңғырлау аудандары мен облыс орталығында орналасқан. «Қазан айының 1-іне мектептердегі құрылыс жұмыстары аяқталады», – деген білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинге Премьер-министр кеңесшісі ол кезде оқу басталып кететінін еске салды. «Келісімшарттары солай, бұл мектептерде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр», – деді басқарма басшысы. «Балаларды қабылдауға жағдай бар ма?» – деп нақтылай түсті Ералы Лұқпанұлы. Е. Сафуллин жағдайды барын, жұмыстың басталатынын сенімді түрде айтты. Премьер-министр кеңесшісі бір балада оқуға байланысты түйткілді мәселе болмауын, баршы ұл-қыздың 1 қыркүйекте сабақтарын оқуы керек екендігін айта келе, білім ошақтарының құрылысын құрылыс басқармасы мен аудан әкімдерімен бірлесіп жіті назарда ұстауды тапсырды.

Жиын барысында Премьер-министрдің кеңесшісі мемлекеттік құрылымдардың басшыларына және аудан әкімдеріне бірқатар сұрақтар қойып, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының аяқталатын мерзімін сұрады.
– Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен батыс өңірлерді аралап, қысқа дайындықтың жай-күйін көріп жүрміз. Қыстың аязды және боранды күндерінде желілер үзіліп, жарықтан айырылған жағдайлар болғаны есімізде. Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы жылыту маусымында туындаған өзекті мәселелерді ескере отырып, ілкімді шаруалар атқарылған. Соның ішінде 140 шақырымнан астам әуе электр желісі жөнделіп, еліміздің өзге өңірлерінен жеткізілген қосымша тірек бағандар орнатылған. Алаңдататын түйткілді мәселе жылу электр орталығы жабдықтарының 94%-дан 99%-ға дейін тозуы. Бұл түбегейлі шешімдер қабылдауға міндеттейді. Электр энергиясын өндіру 60 Мватт-ты құрайды, ал жалпы қажеттілік өзге қуат жеткізушілер есебінен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты облысқа электр энергиясын жеткізу мәселесін шешілген деуге болады. Әрине, жылу желілері тозған. Газбен қамту басқа өңірлерген қарағанда жақсы – 99%. Алайда газ құбырларының тартылғанына біраз уақыт болды, енді оларды жаңарту қажеттігі күн тәртібінде тұр. Оларға күрделі жөндеу жүргізу мәселесі шешілуі тиіс. Аудан Өңір жылыту маусымына дайындығы жақсы деуге болады. Жалпы 15 қыркүйекке дейін облыс жылыту маусымына толық дайын болады деп есептеймін, – деп қорытты сөзін Ералы Тоқжанов.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
«Орал өңірі»