Атыраудағы Жантөрин атындағы облыстық филармониясында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің гастрольдік концерті өтті.

- Бұл концерт арқылы біз көрерменді түрлі дәуірлер мен стильдерге саяхат жасатқымыз келді. Музыка – жүректер арасындағы шекараны жоятын күш. Сондықтан біз классика мен заманауи бағытты, ұлттық және әлемдік туындыларды бір сахнада тоғыстырдық. Концерт «Әуендер әлемі» атауымен өтті. Шығыс пен Батысты, дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған ерекше жоба болды, - деді оркестр директоры Салтанат Абулгазиева.
Концертте ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Эльмира Усаева мен Айбар Хайырханов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тұрлыхан Абуханов, Мәдениет саласының үздігі Елена Шутарева Камералық оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Бағдарламада А. Вивальди, В.А. Моцарт, Я. Сибелиус, К. Дженкинс, Д. Эллингтон, Н. Тілендиев, Е. Үсенов, М. Джексон және тағы басқа композиторлардың шығармалары орындалды.

- Әр туындының өзіндік әлемі бар. Біз осы кеште классиканың әсемдігін де, заманауи әуендердің серпінін де жеткізгіміз келді. Бұл – өнерсүйер қауымға арналған үлкен сый, - деді оркестр әртісі Бейбарыс Зұлпықар.
2011 жылы құрылған ұжым халықаралық деңгейде өнер көрсетіп келеді. Олар республика көлемінде және шетелдік фестивальдерде жүлделі орындарға ие болған.
- Біздің оркестр тек классикалық шығармаларды орындап қоймай, ұлттық музыканы да насихаттауды басты мақсат етіп отыр. Соңғы жылдары біз домбыра, қобызды оркестр құрамына қосып, жаңа синтез жасап, халық әндері мен күйлерді өзгеше үлгіде ұсындық, - деді оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов.
Ұжым әрдайым ізденіс үстінде. Театр режиссерлерімен, заманауи суретшілермен бірлескен бейнежобалары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша 2022 жылы «Үздік Коллаборация» номинациясына ие болды.
- Музыканың адамға сыйлайтын қуанышы мен шабытын біз сахнадан жеткізсек, тыңдарман бізге өз ықыласын береді. Бұл – өнердегі ең үлкен марапат, - деді оркестрдің концертмейстері Елена Шутарева.
Еске сала кетсек, келесі жылы оркестрдің құрылғанына 15 жыл толады.
Фотолар БҚО камералық оркестрінен
