Маусымның 20-сы мен 25-і аралығында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлері арасында республикалық спартакиада өтті.
Волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жүзу және бильярд сияқты жеті спорт түрінен сынға түскен мемлекеттік қызметшілер елішілік доданың медальдарын сарапқа салды.
Жарыстың алғашқы күндері шалқалап жүзуден Арданат Қаратай бірінші орын иеленіп, аталмыш жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал тоғызқұмалақ сынында Әсет Шағыров екінші орын иеленді. Бұл спартакиадада волейболшыларымыз мықты өнер көрсетті. Топтық кезеңдегі төрт ойынды жеңіп, ширек финалда қостанайлықтарды, жартылай финалда павлодарлықтарды қапы қалдырып, финалға жолдама алды. Өкінішке орай, ақтық сында біздің өңір волейболшылары Түркістан облысының командасына жол берді.
Шағын футболшылар да намысты қолдан бермеді. Өз тобынан бірінші орынмен шыққан аяқдопшылар ширек финалда пенальти кезеңінде Павлодар облысының командасынан ұтылып, 7-орынды қанағат тұтты.
Үстел теннисінің шеберлері өз тобында ешкімге дес бермеді. Финалға дейін бәрінен басым түскен теннисшілер соңғы сында түркістандықтарға жол берді. Осылайша облыс командасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»