6.09.2025, 14:17
Оқылды: 59

БҚО-ны сумен жабдықтау үшін 5,5 млрд теңге бөлінді

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Батыс Қазақстан облысына арнаулы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат сумен жабдықтау жүйелерін салуға және реконструкциялауға жұмсалмақ.

IMG_9091

Сурет: freepik 

Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаларды орындау үшін арнаулы мемлекеттік қор қаражаты пайдаланылып отыр. Бұл қор заңсыз жолмен елден шығарылып кеткен активтерді мемлекетке қайтарып, халықтың игілігіне жұмсау мақсатында
құрылған. Яғни «қайтарылған активтер» дегеніміз – кезінде түрлі жолдармен шетел асқан қаржы немесе мүлік. Енді олар халыққа қажет нысандарды салуға бағытталуда.
Осы қаражат ішіндегі 4,3 млрд теңге тоғыз нысанға жұмсалмақ. 1,8 млрд теңге Қаратөбе ауданына қарастыТөлен, Сәуле және Қарақамыс ауылдарында жаңа магистральді су құбырын тартуға бағытталған. Бұл елді мекендерде 1 700-ден астам тұрғын бар. 2,5 млрд теңге Теректі және Қаратөбе аудандарының 8 ауылына,
сондай-ақ Бәйтерек ауданындағы елді мекендерге су құбырын салуға беріледі. Бұған қоса, бұған дейін Бәйтерек ауданының Кирсанов ауылын сумен қамту және Жәнібек ауданындағы Орда топтық су құбырын қайта жаңарту жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір бұл жобалар 60%-ға орындалды.
Аталған шаралар Президенттің халықты сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, бүгінде облыс бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда 100 пайызды, ал ауылдық елді мекендерде 97 пайызды құрайды.

Жалпы алғанда, арнаулы мемлекеттік қордан Қазақстандағы 400-ден астам әлеуметтік жобаға 375 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және сумен жабдықтау нысандары бар. Қазірдің өзінде 44 нысан пайдалануға берілген.

Жанерке Мерекеқызы
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале