31.03.2026, 16:45
Оқылды: 30

БҚО-ның бірнеше ауданында ауыз судың құрамы талапқа сай болмай шықты

Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші тоқсанда орталықтандырылған сумен жабдықтау нысандарынан санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттеу үшін 463 сынама алынды, - деп жазады kaz.inform.kz.

жп вода (1)

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, зерттеу нәтижесінде 26 сынама немесе 5,6 пайызы сәйкес келмеді.

Оның сөзіне қарағанда, сәйкессіздіктер Ақжайық, Бәйтерек, Теректі аудандарында анықталды.

— Микробиологиялық көрсеткіштерге облыс бойынша барлығы 452 сынама зерттелді, соның біреуі (0,2 пайызы) Жәнібек ауданында талапқа сай болмай шықты. Сонымен қатар орталықтандырылмаған су көздері бойынша санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 19 сынама алынып, соның екеуі Қаратөбе ауданында сәйкес келмеді, — деді Г.Кереева.

Оның айтуынша, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілерге сумен жабдықтау нысандарын тазалау, жуу және дезинфекциялау қажеттігі туралы хаттар жіберілді.

Оған қоса биылғы үш айда атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін 8 133 сынама алынып, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттелді, оның ішінде шекті рұқсат етілген концентрациядан ауытқу анықталмады.

Департамент мәліметіне сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында сыртқы қоршаған ортадан (су, топырақ, атмосфералық ауа) сынамаларды іріктеу тоқсанына кемінде бір рет жүргізіледі. Облыс бойынша сумен жабдықтау бойынша бақылау нүктелерінің барлығы 765 болса, соның 721-і — орталықтандырылған, 44-і — орталықтандырылмаған су көздері.
Атмосфералық ауа сынамаларын іріктеудегі бақылау нүктелерінің саны — 345.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале