Шымкент қаласында өткен өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер арасындағы жазғы чемпионаттан жүлделі оралған жеңімпаздарды БҚО ТЖД мамандары сән салтанатымен күтіп алды. Облыс намысын асқақтатып келген жасөспірімдердің қуанышында шек жоқ. Облыс құрамасы бірінші орынға табан тіресе, екі спортшы Белоруссия елінде өтетін өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионатқа жолдама алған.
Өрт сөндіру, адам өмірін құтқару ерік - жігерді ғана қажет етіп қоймайды. Ол дененің мықтылығы мен білектің күшін де қажет ететін жұмыс. Сондықтан да жыл сайын жазғы және қысқы чемпионат өтіп тұрады. Бұл жолы өрт сөндіру - құтқару спорты бойынша өнер көрсеткен жастар кіл мықтылардан құралған. Олар жарысқа бір жыл бойына үздіксіз дайындалыпты.
«Бұл балалармен жаттығу үздіксіз жүріп тұрады. Біздің команда үздік деп танылды. Екі баламыз әлемдік чемпионатқа жолдама алды. Алда Белоруссия елінде өтетін үлкен жарыс тұр. Енді соған дайындық жүріп жатыр» деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерген Бурекешов.
Әлемдік чемпионатқа қатысатын екі спортшы алдымен бір апта Нұр -Сұлтан қаласында дайындықтан өтеді. Одан кейін Белоруссия еліне жол жүреді. Жерлестерімізге әлемдік додада жеңіс тілейміз.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz
Фотолар БҚО ТЖД қызметінен