20.12.2024, 14:30
Оқылды: 305

БҚО су тасқынына қалай қамданып жатыр?

Биыл ерекше салтанатпен тойланған Наурыз мерекесі аяқталысымен су көтерілді. Бірнеше ауылды су басып, күні кеше той тойлаған халықтың шат-шадыман қуанышы үрейге айналды. Еліміздің әр аймағынан көмекке келген азаматтар мен жергілікті халық топан судың күш алып кетпеуі үшін барын салды. Ел Президентінің өзі де көңілі күпті ел алдына барып, үйсіз қалған әр тұрғын қажетті көмекке қол жеткізе  алатынын айтты. Ол уәде орындалды. Десе де енді көктем келсе, су көтерілмейді деуге тағы болмайды.

IMG_5729

Сондықтан биылғыдай жағдайды  болдырмаудың  қамын қазір жасаған абзал. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте  су тасқынының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылғандығы және алдағы уақытта топан  су сергелдеңге салмас үшін қандай шаралар  қолға алынғандығы жайында айтылды.

Ел қауіпсіздігі сөз болған брифингке облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұралы Мусиев, БҚО табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Марат  Молдашев қатысты.

Еске салсақ, сол кезде облыста жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы 6 төтенше жағдай жарияланды.  Топан су басу қаупі  Орал қаласына төнсе, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандарының кей ауылдарын су басты. Ерте көктемнен жер аяғы кеңігенге дейін тасқынның алдын алу жұмыстары, одан кейін облыста су тасқыны салдарын жою жұмыстары басталды. Өңірде су тасқынының салдарынан зардап шеккен 5 927 үйге техникалық тексеру жұмыстары толықтай жүргізілді. Оның қорытындысында 1 343 үй мен саяжай құрылыстары жарамды деп, 2828 үй жарамсыз деп танылды. Бөліп айтар болсақ, Бөрлі ауданында – 129, Қаратөбе ауданында – 90, Сырым ауданында – 264, Теректі ауданында – 160, Бәйтерек ауданында – 12 үй, Орал қаласы маңында – 2 285 саяжай құрылысы жарамсыз болып қалды. Жарамсыз деп танылған 2828 үйдің орнына 889  жаңа тұрғын үй салынып, 1939 тұрғынға үй сатып алынды. Одан бөлек 4,7 млрд теңге бірреттік әлеуметтік көмекке, 3,7 млрд теңге материалдық көмекке және мал шығынын толықтай өтеуге 151 млн теңге жұмсалды. Сондай-ақ  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 87 өтінім келіп түскен. Өңірлік комиссия 87 өтінімді қарап, 85-ін мақұлдады. Қазіргі таңда 55 өтінім бойынша 3,2 млрд теңге (республикалық бюджеттен), 24 өтінім бойынша 60,2 млн теңге «Күшіміз бірлікте» қоғамдық бірлестігі қорынан төленді. Бұл ақпаратпен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бөлісті. Бір қуантарлығы, қара күзге дейін тұрғын үйлердің мәселесі  толықтай  шешілді.

– 889 жаңа тұрғын үй салынды. Оның – 438-і аудандарда, 451-і – Орал қаласында. Сондай-ақ 1939 тұрғынға үй сатып алынды. 1343 тұрғын үйдің жөндеуіне ақша толықтай берілді. Түрлі қайырымдылық қорлары есебінен 69 тұрғын үй сатып алынды, – деді Бақытжан Хаберұлы.

Облыс әкімінің орынбасары энергетикалық инфрақұрылым саласының 28 нысанына 1,4 млрд теңгеге келтірілген зардап республикалық бюджет қаражаты есебінен толықтай өтелгенін де айтты. Сондай-ақ зардап шеккен 11 әлеуметтік нысанның барлығы толықтай жөнделген. Үкімет тарапынан бөлінген 1,1 млрд теңгеге 3 ауданның 77 км электр желісі қалпына толықтай келтірілді. Анықтап айтсақ, Шыңғырлау ауданына қарасты Мырзақара ауылында 29,  Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылында 28, Бәйтерек ауданындағы Шалғай ауылында 20 шақырым электр желілері жаңартылды.

Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде облыста су тасқыны салдарын жоюмен қатар 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық басталғанын да атап өтті. Оның сөзінше, облыс аумағында 397 мыңнан астам адам тұратын 86 мыңнан астам түрлі нысан орналасқан, су басу қаупі бар 186 елді мекен тіркелген.

– Су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 186 елді мекеннің 118-інде қауіп төмендетілді. Дайындық шеңберінде өзендердегі су деңгейіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Су деңгейін бақылау үшін облыс аумағында 22 гидрологиялық бекет жұмыс жасайды. Су тасқыны кезеңіне дейін Деркөл, Шиелі, Қалдығайты, Бұлдырты, Шыңғырлау, Жайық және Шаған өзендерінде  7 жаңа гидробекет ашылады. Сонымен қатар Жайық, Шаған, Деркөл сияқты үш үлкен өзендерде жасанды интелектті қолдана отырып, 3 аутоматтандырылған су тасқыны қаупін алдын ала анықтау жүйесі орнатылатын болады, – деді Б. Нарымбетов.

Облыс әкімінің орынбасары қазіргі таңда су тасқыны кезеңіне дайындық жол картасы (ЖК), инженерлік жұмыстар жоспары (ИЖЖ) шеңберінде және «Демеу» қорының қаражаты есебінен 115 іс-шара жоспарланғанын айтты. Қазіргі таңда 96 іс-шара орындалды. Соның арқасында жол картасы аясында Бөрлі ауданына қарасты Достық ауылындағы бөгетті күрделі жөндеу, «Демеу» қорының қаражаты есебінен Бәйтерек ауданындағы Ақсу, Байқоныс, Озерное, Рубежинское, Янайкин, Январцев, Құрманғазы, Жайық, Кирсанов, Красноармейск ауылдары маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру сияқты жұмыстар жүргізілген.

ИЖЖ аясында Бөрлі ауданындағы Ақсу, Кеңтүбек, Успенов, Қаракемір, Жаңаталап, Аралтал, Қызылтал, Бақтыарал, Совхоз-7, Пугачев, Пепел, Бөрлі ауылдарына қорғаныс бөгеттерін орнату, Ақсай қаласында арық жүйесін салу, Қарашығанақ, Димитров ауылдарына қорғаныс бөгеттерін салу жоспарланған.

– Мұндай қорғаныс бөгеттері Қаратөбе ауданының Қалдығайты, Үшана, Сулыкөл ауылдарына да салынады. Қаратөбе ауылына су өткізу құбырларын және су бұру жүйесін орнату, Қоржын ауылына қорғаныс бөгетінің құрылысы жүргізіледі. Казталовтағы Қараоба, Болашақ, Әжібай ауылдарына да қорғаныс бөгеттерін орнатуды қолға алдық, – деді Б. Нарымбетов.

Жалпы, су тасқыны өңірдегі біраз ауданның ауылдарына қорғаныс бөгетін салу керектігін көрсеткендей. Сол себепті де болар Б. Нарымбетов баяндамасының негізгі бөлігінде қорғаныс жүйесін салу туралы айтты. Сонымен қатар су бұру жүйелерін реттеу жайы да сөз болды. Дәлірек айтсақ, Бәйтерек ауданының тоғыз ауылына қорғаныс бөгеті салынады. Тасқалаға қарасты ауылдарда қорғаныс бөгеттері мен су бұру жүйелері, Теректінің Аңқаты ауылына қорғаныс бөгеті орнатылып, оған дейінгісі нығайтылады. Подстепный ауылында арық жүйесі  және су өткізу құбыры орнатылады. Магистральный ауылына арық жүйесін орнату керек. Теректі ауылында трансформатордың орнын ауыстыру, жаңа тоған бөгетін нығайту, тоғанның каналдарын тазарту және су өткізу құбырларын ауыстыру сияқты жұмыстар   жасалды.

– Сырым ауданына қарасты Бұлдырты, Қособа, Ақжайық ауданының Жұбан, Шыңғырлау ауданының Ақтау, Ақшат, Ащысай, Қайыңды, Мырзақара ауылдарында қорғаныс бөгеттерін орнату және нығайту жұмыстары жүргізіледі. Мұндай жұмыстар Жәнібекке қарасты Ақоба, Борсы, Талов, Жасқайрат, Қамысты ауылдарында да қолға алынды. Тау ауылына су жинайтын тоған қазу, Жақсыбай ауылындағы су қоймасын жөндеуге қатысты ЖСҚ жасақтау, Ақоба ауылындағы тоғанды кеңейтіп тереңдету жұмысы да жоспарда. Орал қаласы маңындағы Деркөл ауылына су өткізу құбырын орнату және су бұру жүйесімен арық тарту, су бұру құбырларын салу, Зашаған кентінде арық жүйесін салу және топырақ төсеу жұмыстары, Орал қаласының кей аудандарына су өткізу құбырын орнату, Круглоозерный ауылына арық жүйесін салу сияқты жұмыстар жүріп жатыр. Барлық құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтайтын боламыз, – деді Б. Нарымбетов.

Одан соң сөз алған қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қазіргі таңда өзен бойындағы бірқатар аудандарда, төмен орналасқан жерлерде бөгетті биіктету, кеңейту жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Жандос Асхатұлы өз баяндамасында облыстық экологиялық-биологиялық орталықтан бастап қалалық мәдениет және демалыс саябағына дейінгі аумақты, Жәңгір хан көшесінен бастап №39 маршруттың соңғы аялдамасына дейін, Перевалочно-Набережная көшесінің бойында да жоғарыда атап өткен жұмыс атқарылып жатқанын  айтты.

– Зашаған кентінің Коминтерн шағынауданындағы бөгетті 2,5 метрге дейін биіктетіп, енін 3 метрге дейін кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Осындай жұмыс  Деркөл кентінің Өскен ауылында да жүріп жатыр. Деркөлдегі «Нива» аспалы көпірі ауданында топырақты толтыру әдісімен бөгет салынуда. Орал құймамеханикалық зауытының артында, Деркөл өзенінің бойында биіктігі 1,5-2 метрге дейін болатын бөгет құрылысы жүргізілуде. «Шойын көпір» ауданындағы аумақта екі жағынан ұзындығы 250 метр бөгет салынып жатыр. Сонымен қатар «Орал» гараж кооперативі аумағында да бөгет салу жұмысы жүруде, – деді Ж. Дүйсенғалиев.

Қала әкімінің орынбасары су тасқыны бола қалған жағдайда 400-дей техника, күреске тартылатын 824 жеке құрам, 100 мың қапшық дайындалып қойғанын да жеткізді. Тасқын бола қалған жағдайда  халықты уақытша паналататын 10 эвакуациялық пунктте 2500 орын бар. Жалпы, қажет болған жағдайда қала аумағындағы мектептердің спорт залдары, спорт кешендері және мәдениет үйлеріне де жұртты орналастыруға болады. Бір сөзбен айтқанда, қала аумағында 5000 адамды паналатар орын бар. Эвакуацияланатын тұрғындарды тасымалдау, ыстық тамақ пен бірінші кезектегі қажетті керек тауарлармен қамтамасыз ету үшін бизнес субъектілерімен ниетшарттар  жасалған.

– Орал қаласы аумағында 150-ден астам саяжай бірлестіктері бар. Биылғы су тасқыны салдарынан үйлері суға кеткен саяжай тұрғындары баспаналы болды. Қазір саяжайда тұрып жатқан отбасылардың саны азайды. Саяжайда тұрып жатқан азаматтар арасында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, ескерту хабарламалары  таратылуда.

Күні бүгінге 43 саяжай бірлестігінде қысқы мезгілде тұратын 350-дей отбасыға хабарлама берілді. Бұл жұмыс көктемге дейін жалғасады. Сонымен қатар қазір барлық саяжай бірлестіктері бойынша толық электронды-ақпараттық база жасақтау бойынша жұмыстар басталды. Бұл саяжайлардағы адамдардың, тұрғынжайлардың, үй жануарларының, нысандардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Аталған база өз кезегінде табиғи апаттар кезінде бізге үлкен көмек болады, – деді Ж. Дүйсенғалиев.

Брифингте БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұралы Мусиев тасқын кезінде бұзылған 6 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, Деркөл өзеніне су тасқыны қаупін ерте анықтауға арналған 3 аутоматтандырылған кешен орнату көзделіп жатқанын айтты. Сондай-ақ 229,7 млн теңгеге 84 мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілетінін  хабарлады.

– Облыста су тасқыны бола қалған жағдайда 4126 адам, 1817 техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа, 2162 тонна инертті материал, 510 400 дана қапшық  дайын. Қосымша гуманитарлық көмек есебінен әкімдіктерге 177 қайық, 23 мотор, 35 генератор, 46 мотопомпа, 10 палатка, 182 құтқару кеудешесі, 1448 етік, 140 комбинезон берілді. Халықты эвакуациялауға тура келген жағдайда 47753 орындық 219 уақытша орналастыру пункті бар. ТЖ департаментіне 2024 жылдың өткен кезеңінде жалпы сомасы 902 803,02 мың теңгеге 13 бірлік техника және құралжабдықтар сатып алынды, – деді  Н. Мусиев.

Брифинг барысында БҚО табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев та сөз алып, өзі басқаратын мекеме де қол қусырып отырмағанын тілге тиек етті. Айтуынша, биыл Ақжайық ауданы Солянка өзеніндегі Ақжайық су қоймасын және Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаражат бөлінген. Сонымен қатар 431,722 млн теңгеге Теректі ауданындағы 9 су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама қорытындысы алынса, су қоймаларының реконструкциясына ЖСҚ дайындалады. М. Молдашев өз сөзінде ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында облыста гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару үшін «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғанын да атап өтті. Ол мекемеде қазір 39 маман жұмыс жасайды. Аталған мекеменің Жаңақала, Казталов, Бәйтерек, Тасқала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі, Бөрлі және Ақжайық аудандарында учаскелері ашылған. Биыл мекеме қызметіне 36,824 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мекемеге мамандарды жұмысқа алу, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Қалған аудандарда нысандардың құжаттарын сәйкестендіру жұмысы аяқталғаннан кейін мекеме теңгеріміне қабылданатын болады.

– Биыл 58 млн теңгеге 8 су қоймасына көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы 9 су қоймасына сондай зерттеу жүргізуге 102,270 млн теңге бөлінді. Ақжайық ауданы Азнабай-Тайпақ каналын реконструкциялау жобасы құрамында Аяқ су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүруде, оған 193,4 млн теңге бөлінді. Бәйтерек ауданы Малая Быковка өзеніндегі Чиров ауылы тұсындағы су қоймасы бөгетінің реконстуркциясына 78,5 млн теңге қарастырылды. Бөкей ордасы ауданы, Мұратсай су қоймасы бөгетін жөндеу жұмыстары аяқталуда. Биылғы су тасқыны кезінде бұзылған 6 нысанды жөндеуге 382,3 млн теңге бөлінді. Бөрлі ауданындағы Успен және Бесағаш, Бәйтерек ауданындағы Фрегат тоғандары демеушілер есебінен жөнделді, – деді М. Молдашев.

Көктемдегі дүрбелең тасқын табиғат апатына селқос қарау көп шығынға алып келетінін көрсетті. Сол себепті дайындықты әлде де пысықтаған абзал. Былтырғы су тасқыны біздің осал тұсымызды дөп басты. Сондықтан ерте бастан қамданған жөн.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале