19.07.2022, 15:01
Оқылды: 229

БҚО Ветеринария басқармасы: Қала тұрғындары ит аулау жұмыстарына кедергі келтіріп отыр

Қаңғыбас иттердің мәселесі бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды. Қараусыз қалған бұралқы иттер көшедегі баланың да, кәрінің де берекесін қашырып тұр. Оларды атып, аулап азайтайын десе иттің құқығын адамнан жоғары қоятын белсенділер мүмкіндік берер емес. Бір ит өлсе, қарсы шығады. Дамыған, өркениетті елдерде итті төбесіне қойып әспеттейтінін бәріміз білеміз. Бірақ қазақ қоғамы сол елдерде ит ұстау ережесі барын ұмытып кете береді. Бізде ит ұстау ережесі мен мәдениеті қалыптаспаған. Содан келіп, қаңғыбас ит пен мысыққа көшеміз толды. Бұл мәселе осылай жалғаса бере ме? Қаңғыбас итпен қалай күресеміз, "Жайық пресс" ақпараттық агенттігінің тілшілері БҚО Ветеринария басқармасына бас сұғып, көкейде жүрген сұрақтарды қойды. Тілші сұрағына басқарма басшысының орынбасары Рашит Иманғалиев жауап берді.

ми

- Рашит Нәсіпқалиұлы, көпшілікті алаңдатып отырған көшедегі қаңғыбас иттер мәселесі қалай шешіледі? Қандай жұмыстар жасалды? Әсіресе иттердің қала көшелерінде өте көп екендігін байқауға болады...  

 -Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының бұралқы иттер мен мысықтардың қараусыз топталып жүруі және адамға шабуыл жасап, тістеп алу арқылы әртүрлі аурулар таратуы мүмкін деген қорқыныштары бар. Сол себепті бұралқы иттерді аулау және жою мәселесі бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Осы мәселелерді көтере келе, Батыс Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен 2019 жылғы 28 тамыздағы  №28-3 «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» қағидасы бекітілді. Аталған қағида Орал қаласы бойынша 2019 жылдың 14 қыркүйегінен, ал аудандарда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Қағидаға сәйкес бұралқы ит аулаумен айналысатын ұйым иттер мен мысықтарды мекендеген ортасынан мониторингке сәйкес және тұрғындардың өтініші бойынша аулап, ветеринариялық мекемеге (вет.клиникаға) жеткізеді. Жеткізілген бұралқы иттер ветеринариялық дәрігермен тексеріліп, тіркеледі. Ветеринариялық шаралар өткізілгеннен кейін дегильментизациядан өткізіліп, электрондық чиппен бірдейлендіру арқылы базаға тіркеліп, биозарарсыздандырылады (кастрация, стерилизация). Ота жасалған орындары жазылғаннан кейін (3-7 күн) аса қауіпті құтырма ауруына қарсы вакцинация жасалып, мекендеген ортасына кері қайтарылады.

Қаңғыбас иттер мен мысықтардан адамдар мен жануарлар денсаулығына қауіп төнген жағдайда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде қолданыстағы Ереженің 2-бөлімінің 12-тармағына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтар жойылып келді.

Үстіміздегі жылы ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы қабылданған болатын. Заңға сәйкес ауланған жануарлар биозарарсыздандырудан өткізіп, кері жіберіліп отыр. Тек жеке және заңды тұлғаларды өтініштері негізінде Заңның 15-бабы, 1-тармағының,  4-тармақшасына сәйкес жануарлар адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға, сондай-ақ қоғамдық тәртіппен қауіпсіздікке қауіп төндірген кезде қаңғыбас иттерге жансыздандыру жұмыстары жүргізіліп отыр.

2021 жылдың II-ші жарты жылдығынан бастап Орал қаласы бойынша биозарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін МЖӘ жобасы негізінде «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті» КеАҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігімен 4 жыл 6 айға келісімшарт жасалып, жұмыс жүргізілуде.

ит2

-Бүгінгі күнге дейін қанша ит, мысық ауланды?

-2022 жылдың басынан облыс бойынша 3 957 қаңғыбас ит мен мысық ауланды, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде 930 қаңғыбас ит жансыздандырылды.

-Жалпы қаңғыбас ит мәселесі несімен қауіпті? Қандай аурулар таратуы мүмкін?

-Аты айтып тұрғандай қаңғыбас иттер адамның бағуында болмағандықтан және ешқандай күтім көрмегендіктен өздерін қорғау бағытында немесе басқа да себептермен агрессиялық мінез-құлық танытып тұрғындарға, әсіресе балаларға қауіп төндіруі мүмкін.

Одан бөлек үй жануарларынан құтыру, эхинококкоз, қоңырау құрты (стригущий лишай) сияқты ауруларды адамдарға жұқтыруы мүмкін.

-Облыс бойынша қанша ветеринар дәрігер бар? Қаңғыбас ит пен күресте мамандар тапшылығы байқала ма? 

-Бүгінгі күнге облыс бойынша 567 ветеринариялық дәрігер қызмет атқаруда. Ветеринариялық дәрігерлер жергілікті жерде жоспарлы ветеринариялық алдын алу іс-шараларын жүргізумен айналысады. Ал бұралқы иттер мен мысықтарды аулау қызметін жүзеге асыратын ветеринариялық станцияларда арнайы штаттық бірлік қарастырылған. Қазіргі уақытта қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметіне мамандар табу қиын. Себебі біріншіден жалақысы төмен, екіншіден көшеде қаңғып жүрген иттерді ұстау оңайға соқпайды, үшіншіден қала тұрғындары ит аулау жұмыстарына кедергі келтіріп, балағаттап ар-намысына тиетін жағдайларда көп кездеседі. Бұл өз кезегінде ит аулаушы қызметкерлердің тапшылығына әкеліп соқтырады.

-Иттерді аулауға, стерилизацияға қанша қаржы бөлінді?

-2022 жылға облыс бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және биостерилизация жұмыстарын жүргізуге  65 млн. 576 мың теңге бөлінді.

ит

-Қанша бас ит стерилизацияланды?

-Күні бүгінге облыс бойынша 3 027 қаңғыбас ит пен мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, кері мекендеу ортасына жіберілді. Биозарарсыздандырудан өткен барлық қаңғыбас иттер мен мысықтар құтыруға қарсы егіліп, дегельминтизация жасалып және чип салу арқылы есепке алынды.

-Ауылдық жердегі ахуал туралы баяндасаңыздар. Ауылдық жерде ит аулаумен кімдер айналысады

-Облыс аудандарында бұралқы иттер мен мысықтарды аулау қызметін жергілікті жердегі ветеринариялық станциялар жүзеге асырады. Ал биозарарсыздандыру қызметі Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе аудандарында Орал қалалық ветеринариялық станция мекемесі арнайы жабдықталған автокөлігімен жазғы мезгілде аудандарға кесте бойынша шығып, жоспарлы жұмыстарын атқаруда.

Бәйтерек және Теректі аудандары бойынша ауланған бұралқы иттер мен мысықтар Орал қалалық ветеринариялық станциясына тасымалданып, биозарарсыздандырудан өткізіледі және 3-7 күн сол жерде ұсталынып, кері мекендеу ортасына жіберіліп отыр.

Бөрлі, Бөкей ордасы, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары аталған жұмыстарды аудандық ветеринариялық станциялар өздері жүргізуде.

ит1

-Шамамен қанша бас қаңғыбас ит, мысық бар? Егер есептеу мүмкіндігі болса...

Қазіргі уақытта қаңғыбас иттер мен мысықтарды санын нақты айту мүмкін емес. Бүгінгі күнге чип салынып, есепке алынғаны 10 034 қаңғыбас ит пен мысық.

-Қанша ит ұстайтын орын бар? Оларды кім қаржыландырады, кім қадағалайды?

-Батыс Қазақстан облысы бойынша ветеринариялық станцияларға тиесілі – 10 вольер (сыйымдылығы 170 ит пен мысыққа), Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-не тиесілі – 1 үй жануарларын уақытша ұстауға арналған питомник, жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі – 6 питомник бар.

Ветеринариялық станцияларға және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға тиесілі уақытша ұстау орындарында биозарарсыздандырудан өткен жануарлар 3-7 күн ғана ұсталынады. Күтіп-ұстауға қаражат биозарарсыздандыруға бөлінген қаражаттың ішінде қарастырылған. Ал жануарларды қорғау ұйымдарындағы питомниктер өз қаражаты және демеушілер арқылы қаржыландырылып отыр.

-Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қаңғыбас иттермен күресте өз кедергісін келтіріп отырғаның білеміз. Алда қандай ұсыныс, жоспарлар қарастырылып жатыр.

-ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқылаулар өткізіліп отырады. Осы өткізілген жиналыстарда қаңғыбас жануарлардың санын көбейтпеу мақсатында ауланған, иесі анықталмаған қаңғыбас жануарлардың 60% - ға жуығын биозарарсыздандырудан өткізбей, жансыздандыру.

Аудан және қала орталықтарынан жануарларды уақытша ұстауға арналған орындар салу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыру.

Заң бойынша жануардың иесі немесе жауапты адам үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша стерилизациялау арқылы шаралар қабылдауға міндетті. Осыған байланысты белгілі бір уақыт көлемінде жеңілдіктер (акция) ұйымдастыру арқылы, стерилизация жасаған жеке немесе мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға жасалған жұмыстың 70 %- ға дейін шығынын субсидиялауды қарастыру сияқты т.б. ұсыныстар берілді.

Оған қоса Круглоозерный кентіндегі питомникті қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге немесе жануарларды қорғау ұйымдарына сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр.

-Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рахмет!

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале