26.07.2017, 12:23
Оқылды: 26

БҚО жолдарын жөндеуге 15,126 млрд. теңге бөлінген

20155770_1969672653309077_3918391878762546495_nБұл жөнінде БҚО «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ филиалының қаржыландыру, бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімінің бастығы Ерлан Қажымов баяндады.


- Баршаңызға белгілі, «Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 100 шақырымын қайта жаңғырту жұмысы - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі. Осы жобаның нәтижесінде жол екінші техникалық санатқа ауыстырылады, жолдың үстіңгі асфальт жамылғысының ені - 9 метр, ал жалпы ені - 15 метрді құрайтын болады. Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап үстіне дейінгі қалыңдығы - 65см, соның ішінде асфальт қалындығы - 27см. Биылғы жоспар бойынша 41,6 шақырым жолға асфальт жамылғысы төселмек. Сондай-ақ, су өткізетін 68 құбыр және 6 аялдама жөнделіп салынады. Бүгінгі таңда жолдың 8,6 шақырымына асфальт төселді, 13 құбыр, 2 аялдама салынды және өзге де жұмыстар орындалды. Жылдық жұмыс жоспарының 30 пайызы жасалды, осы жобаның аясында 300-ге жуық жұмыс орын ашылды. «Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 4-31 шақырымын қайта жаңғырту жұмысына 364,1 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта соның 115,8 млн. теңгесі игерілді. Және осы жолдың 31-104 шақырымын жөндеуге - 9,201 млрд. теңге қарастырылып, осы қаражаттың 1,732 млрд. теңгесінің жұмысы жасалды. Қалған 18 шақырымын жаңғырту жұмысы келесі кезеңге, яғни 2018 жылға ауысады және бұған 5 014 млн. теңге жұмсалады деп жоспарлануда.  Қысқасы, биыл тасқалалықтар көптен күткен сапалы жолға қолжеткізбек.

Биылғы тағы бір маңызды жобалардың бірі - Чапай-Жалпақтал-Қазталов жолының 97-157 шақырымдарын күрделі жөндеу жұмысы. Бұған барлығы 1,714 млрд. теңге бөлініп, соның 294 миллионы игерілді. Бұл жоба бойынша жолдың үстіңгі асфальт жамылғысының ені 8 метр құрайды, ал жалпы ені 12 метр. Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап үстіне дейінгі қалыңдығы 47см құрайды, соның ішінде асфальт қалындығы 14см. Биыл жоспар бойынша 12,5 шақырым жолға асфальт төселмек. Және бес көпір, бір гараж жөнделіп салынады. Бүгінгі таңда жолдың бес шақырымына асфальт төселді және көпірлер салынуда. Жылдық жұмыс жоспарының 38 пайызы жасалды. Жоба нәтижесінде 93 жұмыс орын ашылды. Бұйырса, осы жоба жүзеге толық асырылған жағдайда, Қазталов ауылына дейінгі асфальтсыз жолдың тек 29 шақырымы ғана қалады. Осы жолдың асфальтсыз бөлігін күрделі жөндеуден өткізу үшін қазіргі уақытта жобалау-ізденіс жұмыстары аяқтала келді. Бұйырса, құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі, яғни 2018 жылдан басталады. Бұл екі жобаның да бас мердігері - «Юнисерв» ЖШС, тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Келесі жобамыз - Қазталов-Жәнібек жолының 137-157 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу. Аталған жобаға 1,118 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жолдың үстіңгі асфальт жамылғысының ені 8 метр, ал  жалпы ені 12 метр болмақ. Жолдың ең төменгі негізгі қабатынан бастап,  үстіне дейінгі қалыңдығы 50 см, соның ішінде асфальт қалындығы 11см. Ағымдағы жылы үстіңгі қабатқа 9,4 шақырым асфальт төсеуді және су өткізетін екі құбыр салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жолдың 6 шақырымына негізгі төсеніш қабаты төселді, бір құбыр салынды және өзге де жұмыстар орындалды. Жылдық жұмыс жоспарының 37 пайызы орындалып, 78 жұмыс орын ашылды.

Ал енді жолдарды орташа жөндеу жұмысына келер болсақ, биыл 133 шақырым жолды осы бағытта жөндеу жоспарланды.  Нақтырақ айтсақ, Орал-Атырау автожолының 27-108 шақырым аралығы, Орал мен Чапайдың ортасында, Меловые горки маңындағы көпір өткелінің 0-16 шақырымы және «РФ шекарасы (Самараға)-Шымкент» автожолының Ақтөбе облысының шекарасынан бері қарай 490-526 шақырымдық арасын орташа жөндеуден өткізбекпіз. Бұл жоба бойынша бүгінгі таңда жылдық жұмыс жоспарының 47 пайызы жасалды. Және автожолдарды жыл бойына күтіп ұстауға 950 млн.теңге бөлінді, -деді ол өз сөзінде автомобиль жолдарына қатысты облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндай келе.

БҚО «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ филиалы өкілінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін биыл барлығы 15,126 млрд. теңге бөлінген.

Айша ӨТЕБӘЛІ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале