8.05.2026, 17:30
Оқылды: 5

Бөкей колледжінің бағындырар белесі мол

Бүгінде аудандардағы оқу ордаларының техникалық әлеуеті жаңарып, студенттер оқу үдерісі кезінде мол мүмкіншілікке ие болуда. Мәселен, былтыр облыс және аудан әкімдіктерінің қолдауымен Бөкей ордасы колледжіне құны 110 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.

 WhatsApp Image 2026-05-08 at 16.00.22

Аудан орталығы Сайқын ауылында орналасқан аталмыш колледж студенттерге түрлі бағытта білім береді. Оның ішінде есептеу техникасы және ақпараттық желілер, ауыл шаруашылығын механикаландыру, маркетинг, тамақтандыруды ұйымдастыру, құрылыс және дәнекерлеу ісі секілді сұранысқа ие мамандықтар бар. Колледжде оқитын студенттердің білім деңгейі 97% болса, түлектердің жұмысқа орналасуы – 98%. Оқу ордасының жоғары нәтижелері жөнінде колледж директорының өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Сайран Алтаяқов (суретте) әңгімелеп берді.

– Аудан жұртшылығының дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Қожалық ашып, шаруа жайын дөңгелетіп отырғандар көп. Қазіргі таңда қоғамда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артып келеді. Оқу жылы аяқталар тұста шаруашылық иелері бізге хабарласып, түлектерге жұмыс ұсынып, маман тапшылығы турасында айтып жатады. Біздің колледжде көршілес аудандар мен Атырау қаласынан, сондай-ақ РФ-дан келіп оқып жатқан студенттері бар. 31 орынға лайықтап жасақталған колледж ғимараты іргесіндегі жатақханада ауылдар мен алыс аймақтан келген 15 студент тұрады.

Студенттерге сапалы білім беру – біздің басты ұстанымымыз. 2024 жылы республикалық «WorldSkills» байқауынан бітіруші студентіміз Елдос Мұқанов жүлделі екінші орынға ие болды. Колледж түлегі қазір өзінің туған ауылында шаруашылыққа жетекшілік етіп, кәсіп өрісін кеңейтіп отыр. Бүгінде Бөкей ордасы колледжінде 137 студент бар. Оларға 24 оқытушы сабақ берсе, оның сегізі – өндірістік оқыту шебері. 2025 жылы колледж базасы қазіргі замануи тың технологиялармен толықты. «Мал азықтық дақылдарды өсіру және агротехникалық қызметтер көрсету бойынша оқу-өндірістік полигон құру» жобасы аясында трактор, комбайн, пресс-жинағыш, тісті тырма, жаңбырлатқыш қондырғы мен тұқым сепкіш сатып алынды. Осының нәтижесінде студенттер машық кезінде аграрлы саланы жан-жақты меңгеруде. Студенттер ауылдағы шаруашылықтарда бірнеше ай машықтан өтіп, малды баптап-өсірудің, егінді алқаптарға тыңайтқыш сеуіп, оны күтіп ұстауды үйренеді. Тәжірибе жүзінде алған білімдерін шынайы өмірде қолданып, іс жүзінде шыңдала түседі, – деді директор орынбасары С. Алтаяқов.

0c9902d2-8b4c-4dbe-a7be-ddc60fc80b03

Колледж базасына қосылған тың техникалар арқылы алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Шаруалардың меншігіндегі жер учаскелерін жыртып, тұқым сеуіп, оның өнімін орып алу секілді ақылы қызметтер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осының нәтижесінде студенттер машықтан құр өтіп қана қоймай, қосымша қаржы таба алады. Бұл жұмыстың басы-қасында жетекшілері, яғни өнідірістік оқыту шеберлері болады. Колледждің аға шебері, арнайы пән оқытушысы Талғат Тұралиев аграрлы саланың мамандары ауданға аса қажет екенін тілге тиек етті. Мұндағы халықтың күнкөрісі тікелей малмен байланысты болғасын, шаруа жұмысын ширатар жастардың жан-жақты білімді болғаны ләзім.

аға шебер

– Ауылымызда жыл санап мал басы көбейіп келеді. Бірнеше жыл ілгеріде түлік азығының тапшылығы ел-жұртты біраз әбігерге салып, алаңдатқаны да жасырын емес. Ауданға қарасты Бисен ауылындағы жерлерді құм басып барады. Егер заманауи технологиямен егіс алқаптарына тыңайтқыш сеуіп, күтім жасамасақ, жыл өткен сайын топырақ құнарлығы да төмендей береді. Бұған қыс кезінде қардың аз мөлшерде түсуі мен жаңбырдың аймаққа аз жаууын және қосыңыз. Осыдан соң аудан мал азығын жинауда біраз қиындыққа тап болады. Біздің ендігі мақсатымыз – тың технология көмегімен студенттерге егістік жерлерді оңтайлы пайдалануды үйрету. Бұрын білім алушы тракторды жүргізумен шектелсе, қазір онымен жер жыртады, тұқым себеді, шөп орады, егіс алқабын суландыру тәсілдерін үйренеді. Білікті маман даярлап, оған өз  жұмысының маңыздылығын ұғындыру керек, – деді аға шебер (суретте).

Бүгінде Бөкей ордасы колледжінің 20 жылдан астам тарихы бар. Ауыл шаруашылығына қатысты «WorldSkills» байқауының өңірлік кезеңі осы колледжде ұйымдастырылып келеді. Осы арқылы студенттер бір-бірімен тәжірибе алмасып, шыңдалады. Заманауи техникалық база білім алушыларға өндірістік дағдыларды меңгеруге мол мүмкіндік берері даусыз. Бұл олардың болашақта еңбек нарығында өз орнын табуына және өңірдің дамуына үлес қосып, Бөкей даласын көркейтуге жол ашпақ.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале