5.02.2024, 16:15
Оқылды: 70

Бөкей ордасы ауданы: тірек мектептерге әдістемелік көмек берілді

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша Бөкейорда ауданы Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы білім ордасына ат басын тіреді.

ниш (1)

Әдістемелік көмек көрсету мақсатындағы кездесу, алдымен Bookcrossing жобасы бойынша кітаптарды сыйға тарту салтанатымен басталды.

Жоспарға сай, жаратылыстану-математика бағыты пәндерінен ашық сабақтар өткізіліп, зияткерлік мектеп мұғалімдері тарапынан кері байланыс берілді.

ниш (2)

STEM лабораториясының құрал-жабдықтары таныстырылып, мүмкіндіктері талқыға салынды.

«Lesson Study және Action Research зерттеулерін тәжірибеге енгізу – мұғалімнің кәсіби дамуының көрінісі ретінде» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Оған қоса, оқушының кітапқа қызығушылығын арттыру, зияткерлік мектеп кітапханаларының жобалары мен акциялары сөз етілген тәжірибе алмасу сәттері болды.

ниш (3)

Күн соңында NIS командасы тірек мектеп оқушыларының ғылыми жобалық жұмысын тыңдады. Жетілдіру керек тұстарды түсіндіріп, оң бағаларын берді.

ниш (4)

– Біздің ұжым үшін пайдалы ақпараттарға толы күн болды. Пән мұғалімдері көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап алып, өзіндік тәжірибесін молайтты деуге болады. Алға жоспарлар құрылды, білген мәлімет пен алған дағдыларымыз жеміс әкелеріне сенім білдіреміз, – дейді бөкейордалық ұстаздар.

Айта кетейік, Орал қаласы NIS ұстаздары аталған жоба аясында өңірдегі көптеген ауыл мектептерінің дамуына атсалысып келеді. Кәсіби даму жолында қажетті кеңестер ұсынып, тәжірибе алмасу шараларын өткізіп жүр.

 

                                                Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік

мектебінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале