12.10.2020, 15:30
Оқылды: 58

Бөкей ордасы энциклопедиясы екінші мәрте жарық көрді

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өңірдің тарихи, мәдени, рухани һәм экономикалық тыныс-тірлігі жан-жақты қамтылған Бөкей ордасы энциклопедиясының  екінші бөлімі жарық көрді. Айта кетелік, аталмыш кітаптың алғашқы басылымы 2011 жылы шығарылған болатын. 

20201012044219_IMG_4206 (1)

Жаңа нұсқадағы энциклопедияның тұсаукесері санитарлық талаптардан ауытқымастан шағын форматта өткізілді.

Кітаптың лентасын кесу рәсіміне аудан әкімі мен ардагер тілші, өлкетанушы Амантай Хамзин ие болды.

Салтанатты шарада сөз алған Нұрлан Сағынтайұлы ауданның арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеп, жаңа мәліметтермен толықтыруда уақытпен санаспай қызмет қылған жандардың еңбегін елеп-ескеріп, алғысхат табыстады.

Өз кезегінде шығармашылық топтың мүшесі, аудандық мұрағат бөлімінің директоры Қуаныш Елемесов:

- 2016 жылдың күзінен энциклопедияға қажетті ақпаратты іздеп, жинақтай бастадық. Осы кітаптың алғашқы нұсқасы шыққаннан бергі он жылда өңірімізде қаншама елеулі өзгерістер орын алды. Сол себепті мән-мағынасымен байытылған деректерді ұмыт қалдырмай, басылымға енгіздік.  Түрлі салада жарқырай көрінген жерлестеріміздің жетістіктерімен де оқып, таныса аласыздар. Кітапқа қажетті мәліметтерді жинақтау үшін округ әкімдері арқылы тұрғындарды хабардар еткен болатынбыз, - деп осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын жеткізді.

IMG_20201012_140235

Ауданымыздың шежірелі тарихынан сыр шертер іргелі еңбектің ішкі мазмұны мен дизайны әдемі үйлесім тауып, түрлі түсті суреттермен көмкерілген, әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикалық  жағдайы, тұмса  табиғаты, төл тарихы т.б мәліметтер толыққанды көрініс тапқан. Өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлерімен қатар мәдениет пен өнер, спорт, журналистика саласында ел абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміздің есімдері де енгізілді.

Танымдық шара Рауан Қажғалиев, Миллат Насыров, Қуаныш Дүйсекешев, Құрмет Мусин секілді жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен айшықталды.

 

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале