1.08.2024, 15:15
Оқылды: 183

Бөкей ордасында мың басқа арналған бордақылау алаңы салынып жатыр

Бөкей ордасы ауданы экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Бұл ретте ауданда жерді мақсатты пайдалану – өзекті мәселе. Сондықтан жергілікті билікке жайылым жерлерінің тапшылығына қатысты сауалдар жиі қойылады екен. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аталған ауданның әкімі Нұрлыбек Даумов айтты.

267349F8-DDEC-456F-B60D-B0774E5DB701

Биыл шілде айының басында аудан бойынша ірі қараның саны 109 254 басты құраса, қой мен ешкінің саны 110 508 болған. Ал жылқы 35 878 бас және түйе 1 186 басқа жетіп отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі алты айдың қорытындысы бойынша 4 млрд 255 млн 400 мың теңгені құраған.

– Ауданда 561 шаруа қожалығы жұмыс атқарып жатыр. Соның 45-і – асыл тұқымды мал бағады. Нақтырақ айтсам, олар айыр өркешті бактриан түйесін, ірі қарадан ақбас, герефорд, ангус сиырларын, сонымен қатар көшім, жабы жылқысын және еділбай қойын өсіреді. Биыл 6 ай ішінде 2 шаруа қожалығы 146 бас қазақтың ақбас қашарын сатып алса, тағы да 2 шаруа қожалығы 97 бас герефорд тұқымын әкелді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жетістік бар. Алайда сонымен бірге тұрғындарды алаңдатып отырған өзекті мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – киік болса, екіншісі – биыл қуаңшылыққа байланысты шабындық шөп шығымының нашарлығы. Бұл мәселе бойынша шаруалар мен жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін қазіргі кезде бос жатқан және полигон аумағындағы жерлердің белгілі бір бөлігі пайдаланылуда. 2024-2025 жылдың мал қыстағына 188,1 мың тонна мал азығы қажет. Шөп дайындаумен әзірге 193 шаруа қожалық айналысуда. Бүгінде аудан бойынша жоспардың 21,6 пайызы орындалды. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын жауын-шашын аздығы, қуаңшылық, жайылымның тозуы мал азығын дайындауға кедергі келтіруде. Биыл осы
мақсатта 1 шаруа қожалығы 660 гектар жерге көп жылдық шөп егуді қолға алып, көктемде судан және қара бидай мен еркекшөп егіп, қазір өнімін жинауда. Шығым көлемі жаман емес. Бұл бағыттағы жұмысқа басқа да шаруа қожалықтарын тартып жатырмыз, – деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Ауданда мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында бөлінетін субсидиялау жұмысы да жүйелі жүргізіліп жүр екен. Осы жылдың алты айында шаруаларға 287 млн 416 мың теңге субсидия төленген. Жыл сайын шаруа қожалықтары материалдық-техникалық әлеуетін жаңғырту бағытында жаңа техника сатып алуда. Жыл басынан бері лизинг арқылы 49 дана техника алынса, соның 19-ы – трактор. Аудан әкімінің айтуынша, биыл аудандағы 1 шаруа қожалығы Бисен ауылында сыйымдылығы 1 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салып жатыр. Бұл – аудан үшін үлкен көрсеткіш екен. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданында мал басының өсуіне байланысты жайылым жерінің тапшылығын 2024-2025 жылдарға арналған «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлармен және елді мекендердің аумағы жер-шаруашылық орналастыру жобалары» негізінде реттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай отырған 5 шаруа қожалығының 1 712 га жері мемлекет меншігіне қайтарылған.

Нұрлыбек Жасқайратұлы ауданның негізгі және өзекті мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде облыс орталығымен байланыстыратын және ауыл арасында қатынайтын жолдың жағдайын тілге тиек етті.

– Қазіргі уақытта ауданымызға қарасты республикалық жолдың 2 учаскесінде құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 93 шақырымға асфальттың алғашқы қабаты төселді. Өкінішке қарай өткен жылы мардымды жұмыс болмағаны белгілі. Алайда биыл жұмыстың қарқыны жаман емес. Қазір қалған 10 шақырымға жуық бөлікке асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл екі бағыттағы жолдарымыз толық төселіп, пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Мәдени ошағымыз Хан ордасы ауылымен жалғайтын 21 шақырым жол құрылысының мамыр айында мердігері анық-талып, қазіргі уақытта аталған учаскіде жұмыстар басталып кетті, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Бисен – Жаңақала» бағытындағы жолдың күрделі жөндеу жұмысы басталған. Бүгінде Бисен ауылынан Ұялы ауылына қарай 30 шақырым жол күрделі жөнделуде. Бұл жол сол бағытта орналасқан 8 ауыл тұрғындарының облыс және аудан орталығына қатынауына тікелей әсер ететін көрінеді. Аудан әкімі бұдан бөлек білім, мәдениет, тұрғын үй және денсаулық сақтау салаларына қатысты атқарылған жұмыстар мен іске асып жатқан жобалар жөнінде баяндады.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале