Мен – бөкейлікпін! Қай жерде, қандай ортада болса да, бұл сөзді зор мақтанышпен айтамын. Өзім грек ұлтының өкілімін, жарым Наташа – орыс қызы. Бірақ өсіп-өнген, азамат болып қалыптасқан жерім, яғни атамекенім қазақ топырағы. Сондықтан осы бір аядай ауылдың әр бұрышы, әр тасы маған ерекше ыстық. Ал туған өлкемнің өткені мен бүгіні мүлде салыстыруға келмейді, айырмашылығы – жер мен көктей. Қазір біздің ауыл адамдарының тұрмысы қалалықтардан еш кем емес. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің тартуы, өзара ауызбіршіліктің арқасы деп түсінемін. Қазақ бауырларым жиі айтатын «Береке басы – бірлік» қой.
Міне, ел-жұртты әбігерге салған Тышқан жылы да тарих қойнауына өтіп, Жаңа жылға аяқ бастық. Әр кезеңнің өз тарту-таралғысы болады емес пе?! Табалдырықтан аттаған бұл жылы да ынтымағымыз одан әрі артып, тойлар, мерекеміз көбейсін!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық құттықтау сөзінде: «Менің басты миссиям – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін сабақтастыққа негізделген тиімді саясат жүргізу. ХХІ ғасырдың 2021 жылы толағай табыстарға, жаңа жетістіктерге толы болады деп сенемін» деді ғой. Әрі Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық торқалы тойы да осы жылдың еншісіне тиіп отыр. Сол күнге бауырымыз бүтін, көңіліміз шат күйде жетейік деген ізгі тілегім бар.
Иә, әлгінде айтқан өзім грекпін, бірақ қазақ елінің тумасы һәм осы топырақтың төл перзенті болу – менің маңдайыма жазылған бақ деп түсінемін. Бұл жерде қанша сыйлас, сырлас жора-жолдастарым бар, ата-анамның көзін көрген аға ұрпақ өкілдеріне деген құрметім тіптен ерекше. Осы ретте тұңғыш Президент Жарлығымен құрылған Ассамблея татулық пен тұрақтылықтың негізіне айналғанын да айта кеткенім артық болмас. Бұл ұйым – әлемде баламасы жоқ Н.Назарбаев моделі. Ол жөнінде айтылып та, жазылып та жатыр. Менің өзім де ауданымыздағы «Луч добра» этномәдени ұйымның төрағасымын. Айтпақшы, өткен Тәуелсіздік мерекесі күні ауданда қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени ұйымдар үшін арнайы Достық үйі ашылып, оның лентасын қию құрметіне ие болдым. «Бұл ғимарат тұрақтылық пен татулықтың, қоғамдық келісім мен достықтың мекеніне айналарына сенімім кәміл», - деді өз сөзінде аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов.
Бүгінде біздің мемлекетіміздің бейбіт саясатын бүкіл әлем біледі. Өзім де алты қырдың белесіне көтерілген, жақсы-жаманды көрген азамат ретінде айтарым, тыныштықтың күре тамыры – татулық. Сондықтан барша қазақ елі, соның ішінде, менің бөкейордалық жерлестерім де 10 қаңтар күні өтетін саяси науқанда ауызбіршілік танытып, өздерінің лайықты таңдауларын жасайды деп сенемін. Мұның бәрі егемен еліміздің жарқын болашағы үшін жасалған игі қадам екеніне еш күмәнім жоқ. Әрі қазірдің өзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру ісі нақты қолға алынғанына жалпақ жұрт куә. Енді ойымды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы мына бір сөздермен түйіндесем деймін: «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек».
Дмитрий Семилиди,
Бөкей ордасы аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің директоры